Ғаламторда iPhone 7 смартфонының суреті пайда болды

Ғаламторда iPhone 7 смартфонының суреті пайда болды. Бұл туралы gizchina сайты хабарлап отыр.

Apple компаниясының жаңа өнімінің сырт көрінісі Phone 6S және iPhone 5S смартфондарымен ұқсас келгенмен, қосымша бағдарламаларының мүмкіндігі жоғары болады. Сондай-ақ, iPhone 7 смартфонының корпусы жұқа болып жасалмақ. Өнім 10 ядролы A10 процессорымен жабдықталмақ. Одан бөлек, iPhone 7 смартфонының үш түрлі нұсқасы шығарылады. Айта кетсек, 4,7 дюймді iPhone 7, 5,5 дюймді iPhone 7 Plus және 4 дюймді iPhone 7c ресми таныстырылуы мүмкін. Соңғы модельдің экраны кішкене, техникалық мүмкіндігі төмен (A9 процессор, 3D Touch функциясымен қамтылмайды) болғандықтан, бағасы да арзан болады деп күтілуде.

SanDisk пен Toshiba компаниялары дайындайтын қосалқы жадының арқасында жаңа iPhone 256 ГБ көлемге ие болады. Смартфон функцияларының жұмыс істеу жылдамдығы өсіп, сенсор сезімталдығы да артады. iPhone 7 Plus оперативті жады – 3 ГБ, ал iPhone 7 моделінде небәрі 2 ГБ болмақ.

Айта кетсек, бұл мәліметтер әзірге Apple қызметкерлері тарапынан расталған жоқ. Сондай-ақ, gizchina сайты жариялаған сурет iPhone 7 смартфонының ресми нұсқасы емес.