- Негізгі бет
- Техно
- 2017 жылдың соңынан...
2017 жылдың соңынан бері Tesla-дан Apple компаниясына 46 маман ауысты
2017 жылдың соңғы маусымынан бері Илон Масктың атақты "Tesla" компаниясынан "Apple" компаниясына бағдарламашылар, инженерлер, қауіпсіздік саласынының мамандары, курьер және логистика қызметкерлері – барлығы шамамен 46 маман ауысқан.
Олар Apple-дің ұшқышсыз автокөліктерін жобалаумен қатар, басқа жобаларға да қатысады. Шілде айының соңында "Tesla"-ның даму бойынша аға вице-президенті Даг Филд "Apple"-ге ауысқанын жазған едік. Бірақ ол өзінің ешқандай әлеуметтік желілеріне не басқа ақпарат көздеріне ресми түрде жұмыс орнының өзгергенін хабарламаған. Шетелдік басылымдардың жазуынша, оның жұмыстан шығуы Tesla қызметкерлерінің моральдық ахуалына кері әсер еткен.
Мамандардың жаппай "Apple" компаниясына өтуіне гаджет өндіруші компаниядағы жоғары жалақы мен акцияларының тоқтаусыз өсуі себеп болған. Apple компаниясымен салыстырғанда Tesla басшысы қызметкерлеріне 1,5 есе аз төлейді. Ал, Сан-Францискода өмір сүру нарығы қымбат. "Tesla" мамандары өз компаниясында жұмыс істеу оңай еместігін айтып, қаржылық жағдайына байланысты жоғары жалақы төлей алмайтынын мәлімдеген еді. Ал, "Apple" қаржысы одан 100 есе көп.
Tesla өкілі "СNBC" бизнес телеарнасына берген сұқбатында мұның барлығын жоққа шығарды. Оның айтуынша, соңғы жылдары компания өз қызметкерлерін 3/1-ге қысқартқанымен, жаңадан жұмысшылар келген, соның ішінде "Apple"-ден келген мамандар да бар.
Маусым айында "Tesla" басшысы Илон Маск қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты және электр көліктерін тоқтаусыз шығару мақсатында мамандарының 9 пайызын, яғни 4 мыңнан астам қызметкерін жұмыстан босатуға шешім шығарғанын мәлімдеген.
Сол күні Маск әріптестеріне хат жолдап, техник Мартин Типпті компанияның коммерциялық ақпаратын үшінші тарапқа заңсыз сатуда айыптаған. Компания оны сотқа берді. 19 шілдеде жұмыстан босатылған Типп бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияға (SEC) Илон Маск инвесторларды алдап, электрлі көлік құрастыру кезінде қауіпті батареяларды қолданғанын хабарлаған. Ал, тамыз айында жұмыстан шығарылған "Tesla" қауіпсіздік қызметінің офицері Карл Хансен Маск қол астындағы қызметкерлерінің телефондарын тыңдауға және гаджеттері мен компьютерлерін рұқсатсыз бұзып кіріп, бақылау туралы нұсқау бергенін айтқан еді.
Естеріңізге сала кетейік, тамызда "Tesla" компаниясы алты жыл қатарынан пайда көрмегенін мәлімдеген. Бұл рекордтық көрсеткіш.
Т. Раушанұлы