- Негізгі бет
- Театр
- "Театр көктемі -...
"Театр көктемі - 2012" фестивалі мәресіне жетті
Бүгін Халықаралық театр күні. Бұл күні сахна саңлақтары төл мерекелерін атап өтіп, өмірден өткен өнер майталмандарын еске алып, олардың рухына тағзым жасайды.
Мереке қарсаңында қара шаңырақ М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жыл сайынғы «Театр көктемі - 2012» фестивалі өз мәресіне келіп жетті. Фестиваль аясында театр сахнасында жаңа қойылымдар көрсетіліп, өнер шеберлерінің еңбектері бағаланды.
Биылғы фестиваль КСРО халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Шолпан Жандарбекованың 90 жылдық мерейтойына арналды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын шараның жабылу салтанатында тәуелсіз қазылар алқасы жаңадан тұсауы кесілген бес қойылымның әртістері мен режиссерлерін он алты аталым бойынша марапаттады.
«Тұсаукесер» жүлдесімен «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сергей рөлін сомдаған жас әртіс Жанат Тыңбаев;
«Үміт» жүлдесімен «Жаужүрек» қойылымындағы Цирк директоры рөлі үшін Бауыржан Маңжігітов;
«Есте қалар кейіпкер» жүлдесімен «Қилы заман» қойылымындағы Рахымбай рөлі үшін Жалғас Толғанбай мен «Қыз мұңы» қойылымындағы Генерал рөлін сомдаған Ерлан Біләл;
«Ұлттық болмысты нанымды бейнелеген» жүлдесімен «Қилы заман» қойылымындағы Қара жаулықты ана рөлі үшін Күнсұлу Шаяхметова;
«Кейіпкерге сүйіспеншілік» жүлдесімен «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Сағила рөлі үшін Дәрия Жүсіп;
«Заманмен үндес кейіпкер» жүлдесімен «Қыз мұңы» қойылымындағы Ғазиз рөлі үшін Азамат Сұрапбай;
«Сахналық үйлесім, актерлік дуэт» жүлдесі - «Империядағы кеш» қойылымындағы Айдар Сейітқалиұлы рөлі үшін Руслан Сенкебаев пен сол қойылымдағы Ұлжалғас рөлі үшін Нұржан Бексұлтанова;
«Сахналық үйлесім, актерлік дуэт» жүлдесімен «Жаужүрек» қойылымындағы Троицкий рөлі үшін Дулыға Ақмолда мен аталған қойылымдағы Екатерина бейнесін сомдаған Назгүл Қарабалина;
«Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесімен «Қилы заман» қойылымындағы Жәмеңке рөлі үшін Бекжан Тұрыс;
«Уақытпен үндескен көркем қойылым» жүлдесімен «Империядағы кеш» қойылымының режиссері Алма Какишева мен «Тендерге түскен келіншек» қойылымының режиссері Оразхан Кенебаев;
«Ұлттық рухтағы көркем қойылым» жүлдесі «Қилы заман» қойылымының режиссері Әубәкір Рахимов марапатталды.
Белгілі режиссер, ҚР Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев «Жаужүрек» драмасы үшін «Эпикалық көркем қойылым» аталымында жеңімпаз деп танылып, бас жүлдеге ие болды.
Суреттер: bnews.kz
Ғ. Ұзақ