Пьер Луиджи Пицци: "Аттила" қойылымына дайындық қызу жүріп жатыр

Пьер Луиджи Пицци: "Аттила" қойылымына дайындық қызу жүріп жатыр

"Астана Опера" театрының әлемдік тұсаукесеріне орай төрт кеш өтеді, деп хабарлайды Массагет.кз тілшісіне театрдың баспасөз қызметі. Басты кеш – 2013 жылдың 21 қазаны күні өтетін Дж. Вердидің «Аттила» операсының тұсаукесері. 21 қазанда бұл ордада дүбірлі кеш болмақ. Көрермен назарына ұсынылатын опералық қойылымды дайындауға әлемге әйгілі шеберлер шақырылған. Қоюшы режисері, сценографы, костюм жөніндегі суретшісі – әлемге белгілі италиялық шебер, Францияның Құрметті Легионы Орденінің иегері Пьер Луиджи Пицци. Режисер бүгінгісі мен жұмысы жайлы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.      

Пьер Луиджи Пицци Астанаға 12 қазанда келген болатын. Бұл – маэстроның бас қалаға осымен екінші рет сапар шегуі. «Мен Қазақстанға бірнеше ай бұрын «Астана Опера» театрының әртістер жөніндегі директоры Уильям Грациозидің шақыруымен келген болатынмын, өзінің ынта-жігерімен жаңа өнер шаңырағын бірден ұнатуға мәжбүр еткен театр директоры Төлеген Мұхамеджановпен кездестім. Бірнеше күн бұрын камералық залда өте жоғары деңгейде өткен концертті көрдім. Бәрінен де мені «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкашысы Бағдат Әбілхановтың орындауындағы Жюль Массненің «Таис» операсының «Толғануы» тебірентті. Кезінде Венециядағы «Ла Фениче» театрында осы операны қойған сәттім көз алдыма келе қалды», - дейді Пицци.

 

Қазір Пьер Луиджи Пицци Дж. Верди операсының қойылымы мен сахналануымен қызу жұмыс жасап жатыр. Ол Қазақстанға Италиядан жеткізілген костюмдер мен декорацияларды дайындады.

«Астаналық «Аттила» қойылымы Рим театры операсының жуырдағы қойылымынан бастау алады, алайда бұл дәл сондай қойылым болмайды. Бізге декорацияларды қазақстандық кең сахнаға сай кеңейтуге тура келді. Ғұндардың костюміне келсек, олар қызықты этникалық компоненттер арқылы мүлдем жаңаша жасалды. Басым бөлігі қарамен, алтын және ақпен үйлесетін қызыл түсті болады», - дейді маэстро.

Еліміздің бас театрында өтетін қойылымның тұсаукесеріне санаулы ғана күн қалды, репетиция толық құрамда жүріп жатыр. "Бас кейіпкер Ильдар Әбдіразақов аталған қойылымға қуана  қатысты. Мен Аттиланың кейпін адамгершілігі мол әрі қайсар, соғыста батыр әрі адал, махаббат жолында мейірімді әрі құмар, Құдай алдында момын адам етіп шығардым. Мен құрамдағы әртістердің барлығына үлкен құрметпен қараймын, әсіресе дирижер Валерий Гергиевке ерекше сенемін", - дейді Пицци.

"Аттила" қойылымынан кейін "Астана Опера" театрымен серіктестікті жалғастырғыңыз келе ме?" деген сұраққа Пицци: "Бұл жерге тағы келемін деп үміттенемін. Дегенмен тағдырдың жазғаны болады ғой" деп жауап берді.

Біз де "Аттила" операсы биік өнердің шыңына шығарады деп үміттенеміз.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі

Р. Роза