"Астана Опера" ұсынады!

"Астана Опера" ұсынады!

Ертең, 2013 жылдың 9 қазанында "Астана Опера" театрының камералық залында жоғары өнерді сүйетін қауым үшін "Астана Опера ұсынады" ("New age of classics") атты абонементтер топтамасының аясында ғажайып классикалық музыкадан «№1 концерт» өтеді. Операның үздік әншілері жақында ғана есігін ашқан залда өнер көрсетеді. Бұл туралы Massaget.kz-ке театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Концертке Жаннат Бақтай, Айгүл Ниязова, Әлфия Кәрімова, Гүлзат Дауырбаева, Дина Хамзина, Жанат Шыбықпаев, Талғат Мұсабаев, Байғали Момбеков, Маргарита Дворецкая сынды белгілі опера солистері қатысады. Концертте небәрі 27 жасында ҚазҰӨУ «Вокалдық өнер және хорға дирижерлық ету» кафедрасының меңгерушісі атанған атақты баритон Азамат Жылтыркөзов те ән шырқайды.

"Еліміздің ұлттық дәулеті мұнай мен алтын ғана емес, бірінші кезекте, бұл тамаша дауысты иеленген дарындарымыз. Ұлттық мақтанышымыз – бұл Қазақстанның үздік дауыстары", - дейді "Астана Опера" театры опералық труппасының көркемдік жетекшісі, Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері Гюзель Хайбулина.

Кеште В. А. Моцарт, Р. Вагнер, А. Бойто, Дж. Верди, Дж. Россини, Ж. Массне, П. Чайковский және басқа өнер иелерінің шығармалары шырқалады.  

Билеттер тек «Астана Опера» театрының кассасында сатылады. Бағасы – 1500 теңге.

Басталуы – 19:00.

"Астана Опера" театрында кездескенше! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: "Астана Опера" театрының баспасөз қызметі

М. Оңғарова