Қазақ өнерінің қарашаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың құрылғанына 90 жыл толды. Бұл – тек театр үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін, қазақ өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Бүкіл халықтың, Алаш ардақтыларының арманы жүзеге асып, қажырлы қимыл-қарекеттерінің арқасында құрылып, халық арасынан шыққан «самородок сары алтын» таланттар іргесін қалаған, өз тарихында елімен бірге дамып-өркендеген театр бүгінгі таңда да дәстүрді лайықты жалғастырып, тәуелсіз Қазақстан сахна өнерінің көшбастары болып келеді. Театр қазіргі тыныс-тіршілігі еліміздің өмірімен бірегей.
Әр кезеңнің өзіндік идеалдары, басымдықтары, идея-мақсаттары болады. Еліміз бүгінде мүлдем жаңа саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік кеңістікте күн кешіп жатыр. Рухани тұғырдың маңызды бөлігі өнерге, оның ішінде «тобырды ұлтқа айналдыра алатын» театр өнеріне, әманда, ерекше көңіл бөлінеді. Алға қойылған мақсат-міндеттер де ауқымды. Бұл міндеттер ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген ел мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасында сараланып, айқын көрсетілген.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы театр, музыка және концерт қызметі, цирк өнері, киноиндустрия, мұражай ісі мен археология, бейнелеу өнері, сәулет пен дизайн, әдебиет және кітап басу бойынша Көркемдік кеңестер өнер ұжымдары және шығармашылық одақтармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, жоғары көркемдік туындылардың бәсекеге қабілетті отандық өнімін және мәдениет пен өнер нысаналарын жасау мақсатында салалық кластерлер нысанында институционалдық бірлестіктердің қызметтерін үйлестіруді қамтамасыз етуге кірісті. Республика өнер ұжымдары Тұжырымдама аясында жұмыстар атқарып жатыр.
М.Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы өзінің қазыналы дәстүрлерін жалғастыра отырып, жаңа мәдени саясаттың стратегиялық доминантасы – Мемлекет басшысы ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетімен Қазақстан Республикасы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ойдағыдай қол жеткізуге жұмылдыруға үндейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын кезең-кезеңмен жүзеге асыру бағытын ұстанды. Бұл орайда Республика Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан үлкен қолдау көріп отыр.
Театр репертуарында ұлттық және әлемдік классиканың жауһарлары, бүгінгі драматургияның озық туындылары азаматтардың рухани-адамгершілік бағдарларын, отансүйгіштік пен орнықты құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы ролі зор. Бүгінгі идеологияның қазығына айналған «Мәңгілік ел» идеясына қызмет етеді. Бұл ретте тарихи қойылымдар орны бөлек десек, 2015 жылы қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатында Тараздағы мереке күндері ашық аспан астында 500 адам қатысуымен көрсеткен «Қилы жол» (Ж.Ерғалиев) қойылымын ерекше атауға болады. Тарихи-патриоттық тақырыптағы бұл алаңдық қойылым еліміздің сахна өнері тарихындағы ғана емес, рухани тәжірибесі орайынан да аса сәтті мегажоба деуге болады.
Ұжымның жаңа жұмысы – «Алмас қылыш» қойылымы да (сахналық нұсқа Ә.Бағдат, режиссер А.Кәкішева) осы идеядан бастау алады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап тарихи спектакльдер апталығын ұйымдастырып, көрермендерімізге «Томирис», «Қорқыттың көрі», «Қазақтар», «Бейбарыс сұлтан», «Алмас қылыш», «Абай», «Қилы заман» қойылымдарын ұсынамыз.
Көркем әдебиеттің озық үлгілерін сахналау – театрдың қалыптасқан дәстүрі. Көрнекті жазушы Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы бойынша Е.Жуасбек сахналық нұсқасын жасап, Т.Әл-Тарази режиссерлігімен қойылған спектакль сол игі дәстүрдің жалғасы.
Театр – уақыт айнасы деуге болады. Мәдени саясаттың аса маңызды міндеті ізгі адам тәрбиелеу. Театр репертуарында бұл бағыттағы қойылымдар бұрыннан баршылық. Ал, соңғы көркем қойылымымыз – қазақ режиссурасы жаңа буынының өкілі А.Маемиров сахналаған көрнекті орыс драматургы А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасы. Қоғамдық санада адам өмірі мен қоғам амандығының кепілі ретінде отбасылық құндылықтарды қастерлеуге бастайтын қойылым, әсіресе, жастар арасында қызу талқыланып, әлеуметтік әсері жоғары болды.
Тұжырымдамада көрсетілген ұлттық саналуандықты сақтау және Қазақстан халқы мәдениетін үйлесімді дамыту негізінде бүкілқазақстандық мәдени кеңістікті дамыту бағытындағы жұмысымыз да жеміссіз емес. Репертуарымызға өткен, 89 маусымымызда қосылған «Қаза мен жаза» спектаклі белгілі қазақстандық сценарийші И.Вовнянконың пьесасы бойынша қойылды. Спектакльдерімізге өзге ұлт өкілдері, Алматыдағы орыс мектептерінің оқушылары жиі келеді, Ұлттық орталықтармен тығыз байланыстамыз. Бұл тұста, ең бастысы, қойылымдарымызды өте сапалы, кәсіби аудармамен қамтамасыз етіп отырғанымызды, келген өкілдер театрдың шығармашылық ұжымымен, белгілі сахна қайраткерлерімен кездесулер өтетінін, театр музейімен таныстырылымдар өткізілетінін айтып өтудің артықтығы жоқ.
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасы «Қазақстан жолы – 2050» мемлекеттік стратегиясында басымдық берілетін бағыттардың бірі ретінде – жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру мәселесі атап көрсетілді. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры да өз жұмысында осы стратегиялық бағытты басшылыққа алады. Қарашаңырақ театр бұл орайда ұлттық сахна өнерін әлемдік кеңістікке шығару бағытында еңбектеніп келеді. Оның дәлелі – халықаралық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық фестивальдерге қатысу. Атап айтқанда, «Отелло» спектаклі Ресей және Беларусь сахнагерлерімен, ал «Қорқыттың көрі» литвалық сахнагерлермен бірігіп қойылды. Екі қойылым да мамандар және көрермендер тарапынан жоғары баға алды.
Қазақстандық мәдениет жаһандық мәдени диалогтың белсенді қатысушысына айналуы тиіс, бұл бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастырудың түйінді көрсеткіштерінің бірі. Соңғы жылдары Мәдениет министрлігінің, жалпы Үкіметіміз қолдауымен театр халықаралық фестивальдерге жиі қатыса бастады.
Ұлттық рухты, отансүйгіштікті дәріптеген «Бейбарыс сұлтан» қойылымы Түркияның Кония қаласында өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, «ең үздік спектакль» атанып қайтса, ежелгі түркілік танымды қазақы болмыспен шебер шендестіре білген «Қорқыттың көрі» қойылымы Татарстанның астанасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» халықаралық фестивалінде көрсетілді. Бұл қойылым режиссурасы өз алдына актерлік ойын шеберліктері тұрғысынан Халықаралық Қазылар алқасы мүшелері тарапынан өте жоғары баға алды.
Бәсекеге қабілетті ментальдікке ұмтылудың бір жарқын көрінісі – театр актерлерінің үштұғырлы тіл талабынан шығып, орыс тілімен қатар ағылшын тілінде сөйлей бастауы. Театр Белорусиядағы «Белая Вежа» халықаралық фестивалінде «Бейбарыс сұлтанды» ағылшын тілінде ойнап, актерлердің қарымы мен мүмкіндігін басқа жұрттың алдында танытып қайтты. Мұның өзі Президентіміздің «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарында айтылған үш тұғырлы тіл саясатымен тығыз байланысты. Театрдың Кіші залында Өнер академиясының түлектері жұмылдыруымен тағы да екі спектакль ағылшын тілінде сахнаға шықты. Театрымыздағы мұндай қадамдар ұжымның ағылшын және басқа да тілдерді жетік меңгерген жастармен толыға түсетініне сендіреді.
Театр «Бейбарыс сұлтан» спектаклімен Атырау қаласында өткен Р.Отарбаев атындағы Халықаралық театр фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал, талантты жас режиссер Е.Нұрсұлтан сахналаған «Қас-қағым» қойылымы Қырғызстанның «Арт-Ордо» халықаралық фестивалінде Бас жүлдені иеленді. Ұжым бұл бағыттағы жұмыстарын тұлғаның рухани-эстетикалық дамуының, ұлттық бірлікті қалыптастырудың және елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың мықты құралы ретінде жүйелі түрде жалғастырады. Театрымыз Қазақстан мен Орталық Азия театрларының екі жыл сайын өтетін халықаралық фестиваліне табысты қатысып келеді. Республика имиджіне жұмыс істейтін бұл фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл күзде VІ рет өткелі отыр.
Фестиваль демекші, М.Әуезов театрының төл фестивалі бар. Ол биыл 21-ші рет өткізілмекші, «Театр көктемі» фестивалі жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп, жаңа есімдер ашуымен бағалы. 24-27 наурызда өтетін биылғы фестиваль қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, көрнекті өнер тұлғасы Хабиба апа Елебекованың 100 жасқа толуына арналады.
27 наурыз күні кешке театрдың 90 жылдық мерейтойына арналған салтанат өтеді. Ал, республикамызда осы форматтағы осы бірден-бір фестивальге Республика Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау көрсетіліп отырады. Министрлік тарапынан театрлардың қандай да бір креативті идеялары қолдау табады. Қазақстан сахна өнерінің әлемдік мәдени үдеріспен ықпалдасу әлеуетін іске асыруға үлес қосу жолында «Театр көктемі» фестивалін халықаралық деңгейге шығарсақ деген жоспарымыз бар. Фестивалімізді «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластері аясында да қалыптастыру бағытында жұмыс істейміз.
Қазір қоғамда буын алмасу процесі жүріп жатыр. Бұл үдеріс М.Әуезов театрында да бар. Қазіргі таңда театрда салиқалы аға буын, мықты орта буын және талантты жас буын жарасыммен өнер жасап жүр. Орта және жас буын сахнагерлерді киноэкраннан жиі көреміз. Мысалы, Елбасының тапсырмасымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен түсіріліп жатқан «Қазақ елі» көркем фильмінде, өзге де кинокартиналарда, көптеген телесериалдарда М.Әуезов театрының актерлері лайықты өнер көрсетіп жүр.
Театрға жас буын актерлер, режиссура, драматургия, суретші, композиторлар келді. Демек, бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастыру сапалана түсіп, сахнаға жаңа таным, жаңа тіл келеді. Мәдениет министрлігі, министр Арыстан Мұхамедиұлы қандай да креативті идеяларға үнемі қолдау көрсетеді.
Театр жас буын үшін былтыр өткізген «Жаңа көзқарас» және «Ашық сахна» идеялары жалғасын табады. Мәдениет тұжырымдамасында көрсетілгендей, қазіргі заманның үздік бейнелерін, атаулы тарихи оқиғалар, мәдени мұра мен дәстүрді білдіретін жарқын көркем бейнелер жасау – театрымыздың да басым бағыты. Тұжырымдамада «2030 жылға қарай біздің еліміз кәсіптік шеберлікті жоғарылату мен шығармашылық өсудің халықаралық жетекші мектебіне айналуы тиіс» деп атап көрсетілген. Осы жолда бәріміз, әсіресе, қарашаңырақ театр ретінде біздер қажырлы еңбек етіп, жаңа серпінді идеяларды жүзеге асырумыз керек.
Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «...біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз...»; еліміздің стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес, «...2050 жылы Қазақстан мәдениетті және прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс...». Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалады, халықтың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруда сахна өнерінің де атқарар ролі зор. Демек, 90 жылдық тарихы бар Ата театрдың осы бағыттағы жұмыстары жалғаса береді.
15 наурыз, 2016 жыл
Ерлан Біләл,
М.Әуезов театрының директоры,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Жастар Одағы сыйлығы лауреаты