Әуезов театрында премьера – "Алмас қылыш"

Әуезов театрында премьера  – "Алмас қылыш"
Фото: auezov-teatr.kz

4 наурыз күні М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында "Алмас қылыш" қойылымының премьерасы болды. Тарихи драма баршаға белгілі Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясының желісімен қойылды.

Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойын, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қадам басқан қазақ еліне бұл тамаша тарту болды.

Тарихи драманың сахналық нұсқасын жасаған – Ә.Бағдат
Қоюшы режиссер – А.Кәкішева
Режиссердің ассистенті – Ж.Маханов
Қоюшы суретші – М.Сапаров
Композитор – К.Базарқұлова
Режиссердің көмекшісі – Б.Әбдіков.

Театр әртістері Б.Қожа, Т.Сағынтаев, Д.Мұсаев, Ж.Толғанбай, Б.Қаптағай, С.Мерекеұлы, Е.Бектасов, А.Жұмабаев, А.Сатыбалдиева, А.Бақытжанова, А.Бөкенбай, Ж.Жаныаманова, Н.Қуанышбайұлы өздерінің ролін сәтті алып шықты.

Спектакль көрген кісіге ұлттық рух беріп, бейбіт күнге шүкірлік сезімін сіңіреді. "Алмас қылыш" романын оқып үлгермеген жан қойылымын көре сала, кітабына жетуге асығады. Мектепте тарих пәніне қызығушылығы болмай, үшке оқыған кісінің өзін қызықтырып, кітап оқуға жетелейді. Ал "Көшпенділер" трилогиясын толық оқып, тіпті бірнеше рет қайталап, жаттауға айналған адам да бұрын байқамаған, назардан тыс қалған тұстарын аңғарады, көкейіне қондырады.

"Алмас қылыш" деген атауының өзі металдан жасалған қарапайым қылыш атауын білдірмейді, бұл – халықтың бір сипаты, мұнда терең мән жатқанын театрға барғанда аңғарасыз.

Көшпенді халық тарихын кинодан көріп құлағдар болып, кітабын оқып хабардар болғанмен, нағыз ер адамға сай батырлардың дауысын театрдан "тірілей" естігенге ештеңе жетпейді. Т.Жүргенев атындағы Өнер академиясының 3-4 курс студенттері қатысатын эпизодтар да спектакльдің нағыз рухқа толы тұсы. Олар "аттан-аттан", "берілмейміз-берілмейміз", "Алаш-Алаш" деп ұрандағанда сахнадағы көрермен орнынан тұрып кетпей әрең шыдап отырды.

Жанға рухани азық алып, дағдарыс заманы болса да, тыныш қоғамда өмір сүретініміз бақыт екенін сезінгіңіз келсе, "театрда кездесейік"!

@. @assel_assanova