- Негізгі бет
- Театр
- "Жарғанат" опереттасы...
"Жарғанат" опереттасы
Әлемнің ең үздік оперетталарының бірі Иоганн Штраустың "Жарғанат" (Летучая мышь) опереттасы отбасылық өмірдің шынайы келбетін көрсете отырып, "Ырылдассың, қаппассың, менен артық таппассың" деген қазақ мәтелін еске түсіреді. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Опера және Балет театрында кезекті рет қойылған үш бөлімді оперетта биік өнердің қасиетін тағы бір рет паш етті.
Дирижері - Рүстем Қабылбай
Бас хормейстер - Әлия Темірбекова
Орындаушылар:
Айзенштайн рөлінде - Халид Нұралиев
Розалинда - Жәмила Баспақова
Адель (қызметші) - Рузия Рамазанова
Альфред - Жанболат Жұмағазин
Фальк (театр директоры) - Александр Сметанин
Орловский (князь) - Олег Татамиров
Франк (түрме директоры) - Болат Жомартов
Түрме кезекшісі - Болат Бөкенов
Кезекші көмекшісі - Серік Ауқатов
Блинд (қорғаушы) - Дулат Тоқанов
Бірінші бөлім
Айзенштайнның үйі. Терезе сыртынан Розалинданың ескі табынушыларының бірі Альфредтің серенадасы естіліп тұр. Адель қызметші бүгін Орловский князьдың сауық кешін ұйымдастыратыны жөніндегі хатын оқиды. Бөлмеге Розалинда кіреді. Адель Розалиндаға кәрі әпкесінің аяқ астынан ауырып қалғанын айтып, мұңын шағып, одан кешкісін сол жаққа барып келсем бола ма деп сұранады. Розалинда жібергісі келмейді. Өйткені оның күйеуі бүгіннен бастап, бес күн бойы түрмеге түсіп қалған еді. Ал үйде жападан жалғыз қалу - нағыз азап. Адель көңілсіз түрде шығып кеткен бойда, Альфред пайда болады. Розалинда сасқалақтап әбігерге түседі. Күйеуі Альфредті көріп қойса, не болмақ? Бірақ, Альфред көп кешікпей, жөніне кетеді. Сол кезде санаулы сағаттардан соң, түрмеге баратын Айзенштайн қасына Фалькті ертіп, бөлмеге кіреді. Розалинда бөлмеден шығып кеткен бойда, Фальк Айзенштайнды түрменің орнына бүгін кешке Орловский ұйымдастырғалы жатқан сауық кешіне барайық деп үгіттейді.
Айзенштайн бірден көне кетеді. Ал Розалинда байғұс жылай-жылай күйеуін түрмеге шығарып салады. Дұрысы, күйеуімді түрмеге шығарып тастап жатырмын деп ойлайды. Адель де ебін тауып, үйден сытылып шығады. Розалинда төрт қабырғаға жалғыз өзі қамалып қалған бойда, Альфред пайда болады. Альфред үйден Айзенштайнның кеткенінен әлбетте хабардар. Сондықтан, үйге жайланып жайғасып, тіпті, Айзенштайнның халатын киіп, шарап ішіп, біраз еркінсиді.
Осы сәтте Франк атты түрме директоры Айзенштайнды тұтқынға алмақ болып, оның үйіне кіреді. Халат киіп алған Альфредті Айзенштайн екен деп ойлап, соны түрмеге әкетпек болады. Розалинданың да "ұрлығының үстінен түскен" түрме басшысына Альфредті күйеуім деуден басқа шарасы қалмайды.
Екінші бөлім
Орловский князьдың үйі. Сауық кеші. Әдемі киінген ханымдар мен мырзалар. Қонақтар арасында бетперде киген Адель де, өзін маркизбін деп таныстырған Айзенштайн да бар. Розалинда мен Айзенштайн бір-бірімен кездесіп, ақыры Айзенштайн әдемі қызыл көйлектегі ханымның өзінің қызметшісі екенін біледі.
Осы сәтте үстіне жарғанат киімін киген Розалинда пайда болады. Жарғанат көйлегіндегі әдемі ханымды көрген Айзенштайнның аузынан суы құрып, оған көз сала бастайды. Есі кеткен Айзенштайн оған өзінің сағатын да беріп қояды (Ол сағатты күйеуіне Розалинда сыйға тартқан еді).
Салтанаты келіскен кеш те тәмамдалып, Айзенштайнның түрмеге баратын сәті де келіп жетеді.
Үшінші бөлім
Түрме. Ішіп, масайраған түрме директоры Франк сауық кешінен көңілді оралады. Түрме кезекшісі де аздап ұрттап алған еді. Оған қарап жатқан Франк жоқ, бірден кереуетке отырып, қалғып кетеді. Осы сәтте түрмедегі Айзенштайн (Альфред) қорғаушы талап етіп отыр еді. Түрмеге Блинд қорғаушы кіреді. Нағыз Айзенштайн сауық кешінен оралып, түрмеге жазасын өтемек боп келсе, қорғаушы тұр. Қорғаушыға ол Айзенштайнның өзі екенін айтып түсіндіріп, одан киімін сұрайды. Альфред шыққанда, Айзенштайн мәселенің мән-жайын білмек боп, оны қорғаушы киімінде қарсы алады. Альфред обалы не керек, Айзенштайнға бар шындықты жасырмай айтып береді. Бәрін айтып болғаны сол, түрмеге Розалинда кіреді. Осы кезде бәрі ашылады.
Сауық кешіндегі әдемі жарғанаттың Розалинда екені де, күйеуінің түрмеге барам деп, сауық кешінде сайрандағаны да... Бәрі де белгілі болады... Розалинда Альфредпен әмпей-жәмпей болғаны үшін, ал Айзенштайн сауық кешінде "бейтаныс бикешке" қырындағаны үшін бір-бірінің алдында айыпты болады. Дегенмен, ерлі-зайыптылар бір-бірінің қателіктеріне кешіріммен қарап, оперетта махаббат сезімінің үстемдік құруымен тәмамдалады.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Көрнекі сурет: gatob.kz
Р. Роза