- Негізгі бет
- Театр
- Театр жанрлары мен...
Театр жанрлары мен түрлері
Сіз күнделікті өмірде көріп жүрген театр салаларынан өзге де жанр түрлерінің барын білесіз. Бірақ сахнада олардың тек бірнеше түрін ғана көріп шектелесіз. Драма, трагедия, комедия, мелодрама, траго-комедия сияқты театр өнерінің жанрларын шымылдық ашылғаннан жабылғанға дейінгі аралықта анықтап алу қиын емес. Қазақ сахнасында әлі қойылмаған, отандастарымыздың назарына әлі ұсынылмаған әлемдік театр жанрлары барын естеріңізге салғымыз келеді. Қазақ сахнасын сынға алғанымыз емес, бірақ төмендегідей театр жанрлары қазақ сахнасында не мүлде қойылмаған, не сирек ұсынылған.
Мим — қысқа әрі тосыннан шығарылған сатиралық бағыттағы антикалық халық театрындағы комедияның бір түрі. Акробаттар мен сиқыршылардың сөзсіз қимылдары көрініс алатын бұл жанр гректер мен римдіктердің сүйікті сахналық қойылмы болған. Б.з.д. III ғасырдың аяғында халық сауығының бір түріне айналған. Кейіннен бұл жанр жоғарыдағы басшыларды әзіл-әжуа ету, сынап-мінеу өнеріне айналды. Мим өнерінің атақты әртістер Ваграм Зарян (Франция ) мен Джеймс Тьерри (Швейцария). Сол қозғалыс пен ым-ишара арқылы да адам өзіне керектіні өз бойына жинай алады. Сондықтан да, өзге әлем елдерінде бұл өнер түрі әлі күнге дейін сахнадан түспей келеді.
Мистерия — орта ғасырдағы батыс-еуропалық діни театрдың бір жанры. Мистериялық қойылымдар қала көшелерінде қойылатын болған. Мистерияның сюжеті Библия мен Евангелиядан алынып, тұрмыстық комедиялық жанрда қойылымдар дайындалатын болған. Бұл театр өнерінің түрі 15 ғасырдан бастап жандана бастады.
Моралите — XV—XVI ғасырларда пайда болған, кейіпкерлер әр түрлі адамгершілікті және жағымсыз қылық иелерін сомдайтын батыс-еуропалық ғибратты аллегориялық драма.
Фарс — 1) XIV—XVI ғ.ғ. орта ғасырдағы батыс-еуропалық халық театрындағы тұрмыстық мазмұны таяз комедия 2) XIX—XX ғ.ғ. сықақты-комедияға негізделген жеңіл мазмұнды күлдіргі қойылым. Бұл жанрға қазіргі таңда қазақ сахнасында қойылып жүрген сатиралық сықақты қойлымдар жатады. Олар тек мазмұнына қарай бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Феерия — фантастикалық қойылымға негізделген әсерлі қойылатын театр жанрының бір түрі. Феерия жанры XVII ғасырда Италияда пайда болған. Қазақстан театрларында мұндай негіздегі қойылымдар көбіне айтар ойды абстрактілеп айту арқылы жеткізеді. Бірақ нағыз феерия дәрежесіне жете қоймаған.
Флиаки — III—IVғ.ғ пайда болған Ежелгі Грекиядағы халықтық театрлық көрсетілім. Құдайлар мен батырлардың қызықты бастан кешкен оқиғаларын сахналайтын, күнделікті өмірден алынған шағын импровизациялық әзілді қойылым.
Водевиль— ән шумақтарымен және би қимылдарымен қойылатын комедиялық пьеса әрі драмалық өнер түрі.
Оперетта — музыкасыз диалогқа құрылған жеке музыкалық театрлық қойылым. Оперетта күлдіргі сюжетпен жазылады да, операдан шағын болады. Опереттада жеңіл әрі танымал мінез-құлық көрініс табады. Бұл жанрдың тарихы тым тереңде жатыр. 5 маусым 1855 жыл... Бұл Франциядағы оперетта атты театр өнерінің нағыз туған күні болып есептелді. Дәл осы күні Жак Оффенбах Париж қаласында өзінің «Буфф-Паризьен» деп аталатын кішігірім театрын ашады. Содан соң, ол театрға арнап 89 оперетта жазады.
Мандзай - екі адамның: цуккоми мен бокэнің сахнада өте жоғары жылдамдықпен қимылдап ойнайтын Жапониядағы дәстүрлі комедиялық жанр. Бір уақытта бокэ әңгіме айтып жатып, ақымақ қылық жасаса, цуккоми оның үстінен мысқылдап күліп тұрады.
Фьяба — Карло Гоцци құрған италиялық театр мен драматургия саласына ортақ жанр. Фьяба диалектикалық суырып салмалық оқиға негізінде жазылатын траго-комедиялық әңгіме.
Мұнымен барлық театр жанрларына тоқталып болдық деуден аулақпыз. Әлі де жетіп жатыр... Сахнада күнделікті тұрмыс көріністерін біз де басқаша жанрда, басқаша формада көргіміз келеді. Театр репертуары осындай әлемдік жанрлармен толығып жатса, халықтың деңгейін рухани жағынан өсіріп, талғамын арттырар еді. Ақты ақ деп, қараны қара деп көз алдыңа көрсетіп берер сахналық қойылымдар таусылудың орнына, жандана, жаңара берсін!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: muza.name, vk.com, stihi.ru, chekhovfest.ru, tarbut.zahov.ru, smotri.com, ledizhurnal.ru, theatregeeks.com