- Негізгі бет
- Театр
- Ғ.Мүсірепов атындағы театр...
Ғ.Мүсірепов атындағы театр 70 жылдығына орай екі премьера ұсынады
Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының мерейтойлық 70-ші маусымының ашылуына 2 бірдей премьераны көрермен назарына ұсынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осыған орай, 14 қазан, 2015 жылы сағат 16.30-да театрдың жетістіктері және алдағы 70 жылдық мерейтой қарсаңында атқарылатын жоспарлар жайында баспасөз-конференциясы өтеді. Конференцияға театр директоры – Сәбит Әбдіқалықов, көркемдік жетекші – Мұрат Ахманов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Бақыт Беделхан, театр артистері Роза Әшірбекова, Лидия Кәден, Еркін Әбдірешов, т.б. қатысады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын халыққа арнаған Жолдауында «жалпы қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру» міндетін қойды. Елбасының алға қойған бұл мақсат-міндетін жүзеге асыруға театр жан-жақты атсалысып келеді.
Биыл театр «АССИТЕЖ» дүниежүзілік ассоциациясының Қазақстандағы орталығы болып жарияланды. Әлемнің 83 мемлекеті қатысатын бұл ұйымға Қазақстанның өнер ошақтары 84-ші болып қабылданды.
АССИТЕЖ – дүние жүзіндегі балалар мен жасөспірімдер театрларымен біріге жұмыс істеп, ұлттық дәстүрлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, театрдың әртістер тобы жас буын өкілдермен толықты. «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы дүйім жұртқа етене таныс Асылхан Төлепов пен Аян Өтепбергендерді жаңа маусымда қойылымдардан көретін боласыздар.
14 қазан – 70-ші театр маусымының ашылуы.
12.00 – Балаларға арналған «Алтын мүйізді киік» ертегісінің премьерасы. Автор және режиссер Е.Әбдірешов
17.00 – Баспасөз конференциясы
18.30 – Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастанының премьерасы.
«Алтын мүйізді киік» (Халық ертегілерінің ізімен, балаларға ертегі)
Авторы және режиссері – Е.Әбдірешов
Ертегідегі негізгі кейіпкер – Ертегінің өзі. Ғайыптан келген кейіпкер қазіргі балалардың қиялына еніп, оларды ертегілер әлеміне саяхат жасатады. Шым-шытырық оқиғалармен араластырып, барлық ертегінің түпкі айтар ойын бірге табуға шақырады. Ойнақы болса да ойға жетелей отырып, бала көңілін жақсы әсерге бөлейді. Ертегі өз патшалығының жарлығын жеткізу үшін әбден әуреге түседі.
Аяғында, барлық балаларды адамгершілік пен мейірімділікке, табиғат-ананы аялауға шақыратын жарлықты жеткізеді. Тәрбиелік мәні ерекше бұл ертегінің бүлдіршіндер мен балаларға берері мол, әсері зор.
«Райымбек! Райымбек!» (поэтикалық тарихи драма)
Авторы – М.Мақатаев, режиссері мен инсценировкасын жасаған – М.Ахманов
Еліміздің азаттығы жолында қан кешіп, кең байтақ жерімізді қорғаған батыр-баһадүрлеріміз аз емес. Қазақ елінде ұрпаққа тарихымыздан тағылым бере алатындай тұлғаларымыздың қатарында қасқайып тұрар батырларымыздың бірі – Райымбек. 13 жасынан атқа қонып, батырлық пен әулиелік қатар дарыған қасиетімен танылған батырдың, бозбала шағынан жігіт шағына дейінгі ерліктерін, ерекшеліктерін сүбелі суретпен күрделі шиеленістер арқылы айшықтайтын драма.
«Елім-айлаған» елдің зарын, «Ақтабан шұбырынды», «Зар-заманның» үні, «Ақтандақтардың» ізі, «Ашаршылық», ұлт үшін қасақана жасалған қырғындар, міне, осының бәрін өн бойына арқау еткен «Райымбек! Райымбек!» спектаклінің жүгі ауыр екенін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
@. @assel_assanova