- Негізгі бет
- Театр
- "Естайдың Қорланы" көлеңкелі...
"Естайдың Қорланы" көлеңкелі көріністерімен қуантады
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллин маусым айында тұсауы кесілгелі отырған "Естайдың Қорланы" қойылымының көлеңкелі көріністерін дайындау үстінде. Қойылым туралы мына жерде ақпарат берген болатынбыз. Кезекті дайындық сәтінде батыстан келген режиссермен сұхбаттасудың орайы келді.
– Мейрам, көлеңкелі көріністермен жұмыс жасап жүргеніңізге қанша жылдың көлемі болды? Жалпы, көлеңкелі қойылым туралы айтып өтсеңіз?
- Көлеңкелі қойылыммен айналысып жүргеніме 1 жылдың көлемі болды. Негізі адамдар мұны көлеңкелі театр деп шатастырып жатады. Көлеңкелі театр деген өз басына бөлек, кейбіреулері қуыршақпен көрсетсе, қазіргі кезде адамның пластикасына көшіп жатыр. Ал менің қазіргі сахналап жүргенім көлеңкелі көрініс, өйткені қойылымдардың арасында аз ғана композиция ұйымдастырып жүрмін. Әрине, басынан аяғына дейін бір спектакльді сахналап көрсету қиынға соғады. Көлеңкелі театрдың тағы бір қиындығы – пластиканың қажеттілігі әрқашан керек болып тұрады. Екіншіден, фантазияны көп қажет етеді, әрбір қимылдағы жағдайды символикалық түрде көрсетуге тиіспіз. Көлеңкелі театрдың барлығы актерлерге тәуелді болады. Өкінішке орай, біздің елімізде көлеңкелі көріністер жақсы дамымаған, бағыт-бағдар қойылып зерттеулер жүргізіліп жатқан жоқ.
– Қазіргі таңда Қазақстанның қандай өңірінде көлеңкелі театрлар жұмыс істейді?
- Арнайы театрлар болмаса да, қойылымдардан көлеңкелі көріністерді байқап жатамын. Бізде көбінесе символикалық түрде көрсетуге тырыспайды, тікелей мағынада ғана жеткізеді. Өзімнің Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық қазақ драма театрында Н.Гогольдің «Ревизорын» дайындап жүргеніме жарты жылдай уақыт болды. Яғни, көлеңкелі көрініспен, көлеңкелі қойылым қойсам ба деген ниетім бар.
– И.Ғайыптың «Естайдың Қорланы» қойылымына көлеңкелі көріністерді дайындап жатырсыз, жаңа бағытта актерлермен жұмыс істеу қиын ба?
- Алматы қаласының төрінде орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұжымының ансамблі өте жақсы екен. Әсіресе жастардың арасында ұйымшылдық, өнерге деген жанашырлық байқалады. Құлшыныстарын білдіріп, өз ойларын ортаға салып жатыр. Актерлердің өздерінің де мен көрсете алмаған пластиканы фантазиясы арқылы жеткізе алатындығы таңғалдырды.
– Жаңа қойылымға қандай көріністерді дайындаудасыз?
- «Естайдың Қорланы» спектакліне әрқашан өзектілігін жоғалтпайтын махаббат тақырыбы, қосылмаған қос тағдыр, заманның қарама-қайшылығы арқау болады. Мұңды, жүректі тербейтін, «әттең-айлы» көріністер басым. Мен қойылымдағы «Жиырма бес» әнімен жұмыс істеудемін. Бұл ән Естай мен Қорланның жастық шағын еске түсіреді. Құпияның бір шетін ғана ашайын, мен мұнда бәйтерек нышанын алып, осы арқылы жапырағы жайқалған жастық шақпен, қураған қарттық кезеңді көрсеткім келеді. Көбінесе сағыныш композициясын аңғаруға болады.
– Алматыдағы алғашқы жұмысыңыз ғой, дегенмен, басқа театрлардан ұсыныстар түсіп жатыр ма?
- Әзірге ұсыныс түскен жоқ. Мен әлі де нағыз талантымды, өнерімді көрсете алған жоқпын деп ойлаймын. Біраз уақыт бұрын «Жұлдызды сәт» телешоуында көлеңкелі көріністі көрсеткенім бар, сонда туындымды Тұңғышбай ағамыз бастаған қазылар алқасы жақсы бағалады. Содан кейін, міне, Мұрат Ахманов ағамыздың шақыртуын алдым. Маусым айының 18-19 жұлдызында өтетін премьераға шақырамын! Көлеңкелі көріністердің куәгері боласыздар.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
P.S: «Естайдың Қорланы» қойылымы жан-дүниеңізге астаң-кестең түрлі күйлерді кештіріп, Махаббат-Әлемінің Құдіретіне бас идірері хақ. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері, Өмір мен Өнерде 40 жыл бойы қатар қанат самғап келе жатқан жарасымды жұп: Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу мерейтойларына орай сахналанып отырған жаңа қойылымның көрермені атаныңыз!
Жолдаған: Гүлнәз Әділғалиқызы
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева