Ғ.Мүсірепов театрында "Естайдың Қорланы" қойылады

Ғ.Мүсірепов театрында "Естайдың Қорланы" қойылады

Таяуда ғана жаңа басшымен толыққан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алпыс сегізінші маусымын жаңа қойылыммен тәмамдамақ. Көрермендер маусым айының 18-19 жұлдыздарында ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері Мұрат Ахмановтың режиссерлігімен қойылатын "Естайдың Қорланы" атты туындыны тамашалайтын болады.

Ұжыммен таныс болыңыздар:

Қоюшы режиссері – Мұрат Ахманов, ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері

Қоюшы суретшісі – Индира Ихсан (Құм графикасын жасаған)

Көлеңке көріністерін жасаған – Мейрам Хабибуллин

Музыкамен көркемдеуші – Торғын Рақымбаева

Режиссердің ассистенті – Сағат Жылгелдиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі
                                           
Режиссердің көмекшісі - Әлия Абсаттарова

Осы орайда кезекті жаңа қойылымның дайындық үстіндегі фотосуреттерін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Суретте "Естайдың Қорланы" қойылымының режиссері Мұрат Ахманов дайындық үстінде.

Ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Естайдың  Қорланы»  махаббат-намасы – ғұмыр  бойы  адал  да  пәк  ғашықтық  сезімдерін  аялай  білген  қос  мұңлық – Естай  мен  Қорлан  жайында болмақ.

Естай-дауыс  Қорлан-елеске, яғни,  өмірде  қолы  жетпеген  аңсар  ғашығына:

        «Құдіретім  деп  таныдым,

    Құрбандығың  болайын.

         Сен  мың  жаса,  Жарығым,

         Мен-ақ  көктей  солайын! 

         Күрсінбе  де,  күрмелме –

         Азғырар  Ай,  арбар  Күн.

         Сен  жер  басып  жүргенде,

                                          Махаббат – бар, Мен – бармын!» – деп  үн  қосады.

Бұл – нәзік  сезіммен өрілген махаббаттың қайғысы мен азабы туралы үн... Жәй  емес,  рухты үн. 

Ал,  біз  осыдан  артық  айта  аламыз  ба?..  Әркімнің  ішкі  Әлемінде  өз  Қорландары  мен  өз  Естайлары  бар.  Бастысы,  Ай  азғырып, Күн  арбамай,  ішкі  дауысымыз  алдамай,  әдемі  ғұмыр  кешкенге  не  жетсін?! «Естайдың  Қорланы»  қойылымы – жан-дүниеңізге астаң-кестең түрлі  күйлерді  кештіріп,  Махаббат-Әлемінің  Құдіретіне  бас  идірері  хақ.

Ендеше,  ағайын!  Театрымызға  келіп  аталған  жаңа  қойылымды көріп,  көңіл  көкжиегіңізді  кеңейтіп,  жан-сарайыңызбен  бір  серпіліп, рухани  байып  қайтыңыз!
(Қойылым  Қазақстан  Республикасының  еңбек  сіңірген  әртістері, Өмір  мен  Өнерде  40 жыл  бойы  қатар  қанат  самғап  келе жатқан  жарасымды  жұп:  Сағат  Жылгелдиев  пен  Жібек  Лебаеваның  60 жасқа  толу  мерейтойларына  орай  сахналанып  отыр. )

 

Жолдаған: Ағзия Көлбаева

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева