- Негізгі бет
- Театр
- "Астана Опера" театры...
"Астана Опера" театры "Ұйқыдағы аруды" оятпақ...
3 шілдеде елорданың туған күніне орай "Астана Опера" театрында П. И. Чайковскийдің "Ұйқыдағы ару" балетінің тұсауы кесіледі. Аты аңызға айналған хореографтар Юрий Григорович пен сценограф Эцио Фриджерио бірлесіп жасаған қойылым «Астана Опера» театры сахнасының барлық мүмкіндіктерін толыққанды пайдаланған.
Қойылымда ертегі сарыны мен махаббат поэтикасы ұштасқан. Бүгінде Юрий Григоровичтің жаңа хореографиялық редакциядағы «Ұйқыдағы аруы» әлемнің бес театрында: «Метрополитен-операда», «Ковент-Гарден» театрында, «Варшаваның ұлттық операсында», Ресейдің Үлкен театрында және «Астана Опера» театрында қойылуда. Балеттің негізіне Мариус Петипаның хореографиясы алынған, қойылым зұлымдықтың жеңіліске ұшырап, жақсылықтың жеңісімен аяқталады. Әлемнің ең үздік театрларында сахналанған балетті енді «Астана Опера» көрермендері де тамашалайды.
Көрерменді ХVII ғасырға - Франция патшасы басқарған заманға жетелейтін сарай құрылымдарын, жалпы сахна жабдықтарын бір рет көрген адам таң қаларлық әсерде қалмай қоймайды. Декорацияның алтын жалатқан бағаналар тізбегінің әрқайсысы 4 тоннаны тартады. Олар Астанаға Италиядан 14 үлкен теңіз контейнерімен жеткізілді. Қойылымдағы патша сарайының қақпасының өзі 500 келіні құрайды. Оны сахнаның үстіңгі механикаландыру жүйесінің көмегімен басты сахнаның үстіне бекітті. Ерекше атап өтетін жәйт, бұл қақпа Қазақстанда жасалған. Оның сапасы жақсы екенін атап өткен сценограф Эцио Фриджерио, «Ұйқыдағы аруға» арналған декорацияның 25-30% Қазақстанда, қалғаны Италияда жасалғанын жеткізді. Оларды әзірлеу кезінде өңдеумен және бояумен айналысатын неше түрлі цехтан көптеген адамдар ат салысқан. Қолданылған материалдар ішінде: пластик, темір арқау, тіпті балқытылып, арнайы сұйық шыныдан құйылатын тамаша декорацияның ерекше пішіндері бар.
Дайындық барысы...
Қазақстанда бірінші рет жұмыс жасап отырған Эцио Фриджерио екі жақ мәдениетінің қарым-қатынасы қалай өрбитініне қызығушылық танытып, еуропалық лепті біздің қалай қабылдайтынымызды және ойлағаны қаншалықты жүзеге асатынын шамалы уайымдайтынын жасырмайды.
Дайындық барысы...
Заманымыздың аса көрнекті сценографы Эцио Фреджерионың өз командасы бар. Бүгінде ол 350-ден астам спектакль қойған. «Ұйқыдағы аруды» осымен бесінші рет қойғалы тұрған сценограф бұған дейін оны Миланның «Ла Скаласында», Францияның «Париж Операсында», Лондонда, Ресейдің үлкен театрында паш етсе, енді, «Астана Операда» қояды.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: liveinternet.ru, astana.kz
А. Құлтай