10 қазан күні «Астана Опера» театрында «Абай» операсының үшінші тұсаукесерлік спектаклі өтеді. Тұсаукесер қоғамның үлкен қызығушылығын тудырды. Екі күн ішінде елордалық опера театрында 2 500 көрермен болды, олардың қатарында астаналық тұрғындар мен қонақтар, сонымен бірге музыкатанушылар, музыка сыншылары мен «Абай» операсын тек шығарма ретінде емес, оны өмірдің бір бөлігі деп қабылдайтындар да бар.
Спектакль туралы ойын білу үшін музыкатанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстан Композиторлары Одағының мүшесі Алтын Сәлімқызы Кетегеноваға бірер сұрақ қойылды.
– «Абай» операсының сіз үшін маңызы қандай?
– Мен театрдың үшінші маусымы ашулында, «Абай» операсының тұсаукесерінде болғаныма қуаныштымын. Оның либреттосын М.О. Әуезов жазған, композиторлары – А.Қ. Жұбанов пен Л.А. Хамиди. Мен бұл операның бүкіл қойылу тарихын білемін, себебі А.Қ. Жұбановтың соңғы аспирантымын. Ол Мұхтар Омарханұлымен бірге операның барлық көріністерін қоюға қалай күш жұмсағанын және кейде алып-қосары болған тұста, өзгеріс енгізгенін мақтанышпен жиі айтып отыратын. Әуезов ұлы Абайдың бейнесін поэзия және әдебиетпен бірге, опералық нұсқада бейнелеп шығаратын осындай композиторлар табылғанда қатты қобалжыды. Абайдың өзі ондаған ғажап әндер жазған аса көрнекті кәсіпқой халық композиторы екені баршаға аян. Дәл осы себеппен А.Қ. Жұбанов олардың біразын аталған операда пайдаланып, нәтижесінде Абайдың өмір тарихы ерекше шындыққа жанасты.
– Сіз «Абай» операсының барлық қойылымдарымен таныссыз, бүгін тағы біреуін тамашаладыңыз, елордалық тұсаукесер қандай бағаға лайық дер едіңіз?
– Абайдың бейнесін ашу тұрғысына келсек, ол мені мүлдем жаңа көзқарасымен таң қалдырды. Орындаушылар, дирижер, қоюшы режиссерАбайдың айбарлы бейнесін жеткізіп, оны біздің арғы аталарымыз, Қазақстанның ұлы тұлғалары – Аттиламен, әл-Фарабимен және басқаларымен қатар қойды. Маған қойылымда Абайдың бейнесі драмалық тұрғыда анағұрлым жарқын етіп көрсетілгендей болды, деңгейі шекспирден кем емес дер едім. Мұнда кейіпкерлер қазасы бар, атап айтқанда, сүйікті шәкірті Айдар – бұл халықтың және Абайдың жан азабы. Осы тұста, вокалистер барлық кейіпкерді тамаша аша білді.
– Спектакльдің безендірілуіне берер бағаңыз?
– Мені тағы бір қайран қалдырған нәрсе – декорациялар. Әрбір көріністе олардың ерекше һәм жеке-дара қызмет еткені соншалықты, таңдандырмай қоймады. Бәрінен де ұлттық костюмдер таңдай қақтырды, маған олар анағұрлым тарихқа жанасатындай болып көрінді, себебі біздің ата-бабаларымыз өте бай-қуатты адамдар болған, өте дәулетті тұрған, үлде мен бүлдеге оранды, дегенмен, кедей халық та болды. Бұл опера XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ұлы ойшыл – Абай тұлғасы арқылы халықтың өмірін паш етеді. Бұл жерде қазақ халқының өте ауыр өмірі айдай анық көрініп тұр. Абайдың жан азабы, барлық өлеңі, бүкіл әні – оның сүйікті халқы жайлы. Операда бұл өте жақсы көрініс тапқан.
– Алтын Сәлімқызы, әңгімеміздің соңында өзіңіздің «Астана Опера» театрына деген тілегіңізді білдірсеңіз.
– Опералық театрдың барша ұжымын тамаша опера қойғандары үшін және жаңа маусымының ашылуымен құттықтаймын. Дәл мұндай нұсқадағы «Абай» операсын дүние жүзінің кез келген жерінде көрсете алатынымызға және аталған спектакль республикамыздың һәм мәдениетіміздің мақтанышына айналатынына сенімдімін.
10 қазанда тыңдарман тамашалайтын басты орындаушылар құрамында: Абай – Талғат Мұсабаев; Ажар – Айгүл Ниязова (әртіс үшін бұл дебют болмақ); Айдар – Жан Тәпин, Жиренше – Евгений Чайников; Әзім – Рамзат Балақышиев; Көкпай – Талғат Ғалеев; Қарлығаш – Татьяна Вицинская. Аталған спектакльде алғаш рет өнер көрсетіп, Сырттанның партиясын орындайтын тағы бір әртіс – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян; Нарымбет – Ерұлан Кәмел; Мес – Нұрлыбек Қоспармақов. Дирижерлық тізгінде – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаев.