"Астана Опера" театрында "Абай арманы" атты концерт өтеді

"Астана Опера" театрында "Абай арманы" атты концерт өтеді

Қазақстан тарихының және қазақтың музыка мәдениетінің елеулі даталары «Астана Опера» сахнасында атап өтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ хандығы құрылғанына 550 жыл және қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына орай 20 сәуірде «Астана Опера» театрының Камералық залында «Абай арманы» атты концерті өтеді.

Кештің шымылдығын Қазақ хандығының құрылу тарихы жайлы қысқаметражды фильм ашады. Онда қазақтың хандары, хандықтың жүзге бөлінетіні және қазақ халқының данышпан ұлы – Абай Құнанбайұлы жайлы мұрағаттағы бірегей материалдар қолданылған. Аталған кеште тыңдарман назарына оның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Мен сәлем жазамын», «Татьянаның хаты» (А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин» атты өлең түріндегі романы) және басқа белгілі туындылары ұсынылады. Қазақтың музыкалық мәдениетінің игілігіне айналған шығармалар көпшілік сүйіп тыңдайтын халық әндерімен алмасады. Қазақтың ұлы ақынының өлеңдері кешке поэзиялық арқау болады.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазиноваға Абайдың өлең-жырындағы әйел тақырыбын ашу міндеті жүктеледі. Абай қашанда халыққа жақын болды, мұны ақынның халықтық сарынға толы өлеңдерінен байқауға болады. Оның барлық туындылары сан қырлы, мән-мағынасы терең әрі бүгінгі күні де өзекті болып келеді. Егер бұрындары Абайдың шығармаларын тек ерлер шырқаса, бұл кеште тыңдарман оның кейбір романстарын нәзік жандылардың орындауында тамашалайды. Әйелдерге Абай жоғары сүйіспеншілікпен қараған, бұған әжесі Зеренің тәрбиесін көргендігі себеп болған да шығар. Бұған дейінгі поэмалар мен жырларда басты назарда нәзік жандар тағдырының сыртқы болмысы ғана жырланса, кемеңгер ақын өзінің өлең жолдарында, аса көп қозғала бермейтін, әйелдің әдемі жан дүниесін паш етеді.

Солист – ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, концертмейстер – Гүлзада Құсайынова, жүргізушілер – Өнерлі жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Қайсар Әбдіров және Заңғар Ақаев.

Билет бағасы 1 500 теңге.

Сурет: e-history.kz

Ф. Абилова