Елордалық корейлер Жаңа жылды тойлады

Астаналық корей ұлтының өкілдері Сольналь немесе ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін атап өтті. Мерекеге 200-ден астам адам қатысты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Корейлер Жаңа жылының ерекшелігі – міндетті түрде ақсақалдарды шақырып, бірінші кезекте оларды құттықтайды. «Біз 65 жастағы және одан да үлкен 100-ден астам адамды шақырдық. Кішкентай балалар олардың алдында арнайы құттықтау сөздер айтып, иіліп сәлем беру дәстүрі – сэбені жасады. Содан кейін Оңтүстік Кореядан арнайы әкелінген тәттілер мен сый-сияпаттар таратылды», - дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, Жылан жылы туғандар мен 2012 жылы  60, 70, 80 жасқа толғандарды құттықтау рәсімі өтті. 

Іс-шара барысында С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің 4 курс студенті Владимир Син мен сәулет өнері факультетінің 5 курс студенті Дария Лигайға Н.И.Лян атындағы шәкіртақы тапсырылды.    

Мерекеде дәстүрлі би биленіп, әндер шырқалды. Корей этномәдени бірлестігінен хабарлағанындай, Сольналь Астанада 2012 жылдан бері кең ауқымда тойланып келеді. Өйткені, бүгінде елордада 4 000-нан астам корейлер тұрады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

суреттер: astana.kz