Ұлттық музейде «POSTTOTAL» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Әлем мәдениеті және заманауи өнер» жобасының аясында Қырғыз Республикасының бейнелеу өнерінің кең көлемді «POSTTOTAL» көрмесі ашылды. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Көрмеге 42 суретшінің соңғы 15 жылдағы кескіндеме, графика, мүсін, бейне-арт, сурет, инсталяция, перфоманс жанрында жасаған 100-ден астам туындысы қойылды. Көрмені ұйымдастырушылар Қырғыз Республикасының Суретшілер одағы және Tolon museum of modern art (Заманауи өнердің Толон музейі, Бішкек қаласы).

«POSTTOTAL» көрмесі – Толон музейінің посткеңестік және посттоталитарлық бейнелеу өнері мәдениетінің музейін құру бойынша ауқымды жобасының бір бөлігі, ол Тәуелсіз Қырғыз Республикасының 1991-2015 жылдар аралығындағы бейнелеу өнері саласындағы ең көрнекті туындыларынан тұрады.

POSTTOTAL – кеңестік мектептің, кеңестік модернизм мен заманауи постмодернизмнің ең үздік көркем туындыларының көрмесі болып саналады.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай: «Қазақстан биылғы жылды Ассамблея жылы деп жариялады. Біз осы жыл аясында елімізде тұратын ұлттармен ғана емес, басқа мемлекеттермен де тығыз байланыс орнатып, олардың өнерін бағалап, құрметтеп, мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайта түсуіміз қажет. Бұл – Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ға ұсынылған бүкіл мәдениеттердің жақындасуы деген жоба аясында өтіп жатқан шара. Сонымен қатар, біздің «Әлем мәдениеті және осы заманғы заманауи өнер» деген жобамыз бар. Бұл көрме сол жұмыстардың негізінде ұйымдастырылып отыр. Қырғызстаннан келген бауырларымыздың өнері бізге өте жақын. Шекаралас ел болғандықтан емес, біздің жеріміз, тіліміз, тарихымыз ұқсас. Бірақ бұл бірдей деген ұғымды білдірмейді. Біздің де, қырғыздардың да өнерінің өзіндік бет-бейнесі, бояуы, ерекшелігі бар. Бүгін мұнда 100-ден астам өнер туындысы әкелініп отыр. Олардың барлығы сонау 90-шы жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы өмірдің әр саласынан хабар беретін еңбектер», – деді.

«POSTTOTAL» – бейнелеу өнеріне жасалған кең шолу. Көрме кураторы Гамал Боконбаев бұлардың күрделі, көп мағыналы екенін, тіпті кейде көркемдік тұрғыдан дау тудыратынын айтып отыр. Дегенмен Тәуелсіз Қырғыз Республикасының тарихын жан-жақты көрсете білген терең мағыналы жұмыстар да баршылық. Нағыз өнер – үнемі ізденіс, түр мен идея ізденісі. Ең бастысы – ол өзінің жеке көркемдік түпнұсқалық қолтаңбасын іздеу.

Көрме жергілікті тақырыптардан бөлек посткеңестік кеңістік елдеріндегі геосаяси оқиғалармен байланысты ғаламдық құндылықтарды да көрсетеді.

«Социалистік реализмнен кейін түрлі бағыттағы стильдер пайда болды. Ұлттық мектептердің ерекшелігі айқындала бастады. Қазір кез келген адам суретші ретінде танылып, туындыларының көрмесін өткізе алады. Ешкім ешкімге кедергі келтірмейді, шектеу қоймайды. Осының нәтижесінде қазір біз түрлі бағытта, түрлі жанрда жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – дамудың белгісі.

Күзге қарай біз қазақстандық суретшілерді Бішкекке шақырамыз. Біздің бір бірімізге береріміз көп деп ойлаймын» – деді өнерсүйер қауымға көрменің кураторы Гамал Боконбаев.

Көрме 25 тамызға дейін жалғасады.