Ұлттық музейде "Абай мұрасы" атты ғылыми конференция өтеді

16 сәуірде сағат 10.30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде хәкім Абайдың (Ибраһим Құнанбаев) туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы» атты ғылыми конференция өтеді.

Шараға белгілі абайтанушылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Астана қаласындағы білім мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары қатысады.

Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай Ұлттық музейдің ұйытқы болуымен өтетін конференцияда Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Мекемтас Мырзахметов, Сұлтан Оразалин, Серік Негимов, Жанқара Дәдебаев, Асан Омар, Асқар Нартов, Бауыржан Ерденбеков сынды белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері ақын мұрасы жайлы арнайы баяндама жасайды.

Сондай-ақ, Абайдың алғашқы шыққан еңбектері, шет тілдерге аударылған туындылары мен ақын жайлы арнайы дайындалған аудио-бейне роликтер және Ұлттық музей қорындағы Абай портреттерінен шағын көрме ұсынылады.

Конференция барысында Абай әндері орындалады және Абай оқуларының жеңімпаздары ақын өлеңдерінен, қара сөздерінен үзінділер оқиды.

Сурет: altaynews.kz