"Қарагөз" ұлттық балетінің көрермені болыңыз

"Қарагөз" ұлттық балетінің көрермені болыңыз

14 наурызда театр репертуарындағы Вакиль Османов (Австрия) қойған тұңғыш ұлттық балет – «Қарагөз» «Астана Операның» Негізгі сахнасында өтеді. Махаббат пен адалдық, бақыт құшу мен кейіпкер өлімі – балеттік спектакльдің негізі.

Басты кейіпкер әжесі – Мөржан бәйбішенің нұсқауы бойынша өзіне ғашық болған ауқатты, оқыған әрі көрікті Нарша есімді жігітке тұрмысқа шығуға тиіс еді, алайда сұлу қыздың жүрегі Сырым сал деп соғады. Ата дәстүрге қарсы тұрып, сүйгеніне қосыламын деген әрекет барлығын қайғыға әкеп соқтырады: Қарагөз есінен адасып, ақыры көз жұмады, Наршаның сүйіктісінен өлім аузында да ажырағысы келмесе, Сырым үмітінен қол үзеді. Көп ұзамай Мөржан бәйбішенің де өзегі өкінішке өртенеді.

Басты партияны сомдайтын «Астана Опера» театрының солисттері: Қарагөз рөлін Әнел Рүстемова ойнайды; Сырым партиясында Арман Оразов; Наршаны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов билейді; Мөржан – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина.

Спектакльдің көркемдік безендірілуі өте маңызды орын алады. Неге десеңіз, костюмдер, бояу, жарық, декорациялар көрерменнің қабылдау қабілетін еселей түседі. Қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов хореографтың идеясын жүзеге асырды.

Бірінші актінің шынайы көрінісіне екінші актідегі үлбіреген қыздар инеліктердің, ал шапшаң жігіттер құландардың бейнесімен үйлескен таңғажайып декорациялардың геометриялық пішіні қарама-қайшылық тудырады.

Ғазиза Жұбанованың авангардтық музыкасы өзінше бір төбе. «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов балетке музыкалық редакция жүргізіп, түпкі шығармаға қосымша «Сарыөзек метафораларының» үшінші симфониясын, Скрипкалы концертті, сондай-ақ Ғазиза Ахметқызының Ішекті квартетінің екі бөлімін пайдаланды.

Дирижер – Арман Оразғалиев.

Спектакль 19:00-де басталады, билет бағасы 500 теңгеден жоғары.

Сурет: театрдың баспасөз қызметі

Ф. Абилова