Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Барлық заманға сай классика» атты қайырымдылық концерттер тізбегі өтеді

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Барлық заманға сай классика» атты қайырымдылық концерттер тізбегі өтеді.

19 ақпанда «Астана» Ұлттық сурет галереясының залында «Франция музыкасы» орындалады. Кеш «Астана Опера» театры мәлімдеген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қайырымдылық концерттер аясында өтеді.

Театр жыл бойы, осы айрықша оқиғаға орайластырылған 12 концерт өткізуді жоспарлағанын естеріңізге сала кетейік. Олардың басты мақсаты – тыңдарманға классикалық өнерді тамашалауға мүмкіндік беру.

Концертке қатысатын солисттер - Айсұлу Байкенова (скрипка), Балжан Сапарова (флейта) және «Астана Опера» симфониялық оркестрі. Дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Бұл күні тыңдарман француздық композиторлардың шығармашылығымен танысады. Атап айтқанда, елордалық көрермен тамашалайтын туындылар: Габриэль Форенің «Павана», Эрнест Шоссонның оркестр мен скрипкаға арналған поэмасы, 25 ор. және Жак Ибердің оркестр мен флейтаға арналған концерті, К. Сен-Санстың «Ажалдың биі».

«Павана» – бұл сарай маңында орындалатын испандық баяу ырғақты биі. Музыкатанушылардың айтуынша, Габриэль Форе аталған музыкалық шығармасы арқылы француздардың испан музыкасына деген қызығушылығына лайықты бағасын берді. Туынды құрамына ішекті және қос-қостан флейта, гобой, кларнет, фагот және керней кіретін шағын оркестрге арналған. Алайда «Павананың» кең тарағаны соншалықты, оның аспаптың көптеген түрінде орындалған нұсқаларын кездестіруге болады.

Эрнест Шоссонның оркестр мен скрипкаға арналған поэмасы тыңдарманның ерекше ықыласына әбден лайықты. Бұл туынды әлемдік скрипкалық репертуарда тұрақты орын теуіп, қазіргі уақытта композитордың ең көп орындалатын шығармасы болып табылады. Кеш бағдарламасында сондай-ақ, ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір кешкен белгілі француз композиторы Жак Ибердің Оркестр мен флейтаға арналған концерті бар. Туындыны Ибер 1932 жылы жазған және ол XX ғасырдағы француздық флейта мектебінің алып тұлғаларының бірі Марсель Моизге арналған.

Концерт 19:00-де басталады, кіру тегін.

Сурет: Театрдың баспасөз қызметі