"Астана Опера" италиялық көрерменді таң қалдырды

"Астана Опера" балетінің дарынды әртістері италиялық көрерменді таң қалдырды. Екі жарым мыңды құраған жергілікті және шетелдік әлеумет өз таңқалысын білдіріп, ұзақ шапалақ ұрды. Генуяда 21 қаңтарда "Спартак" балеттік спектаклінің алғашқы көрсетілімі орасан зор қошеметпен өтті. 

Эмоцияға берілген көрермен аямастан "браволарын" жаудырып, әрбір күрделі сүйеуден кейін ду қол шапалақ ұрып жатты. Сюжеттің қалай өрбігенін, әртістер шеберлігін мұқият қадағалап отырған көпшілік Бақтияр Адамжанға (Спартак)ерекше ықылас білдірді. Шапалағын аямаған әлеумет, оның үлкен талант иесі екенін айтып жатты. Екінші құрамда Спартакты Досжан Табылды сомдайтынын айта кетейік, Красты ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Гатауов орындаса, Фригия – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева, екінші күні Әнел Рүстемова билейді, Эгина – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гауһар Усина, екінші құрамда Әйгерім Бекетаева орындайды. Балеттің бұл жетістігіне өзінің асқан шеберлігін паш еткен корбедалеттің қосқан үлесі де мол.

Италиялық балет сүйер қауым афишаны қалт жібермей қадағалап келгенін айтады. "Бұл екі шараны назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгін біз "Астана Опера" балеттік труппасы ұсынған бидің кереметтігінен шексіз ләззат алдық. Осы арқылы біз қазақ труппасының деңгейімен таныса алдық. Әртістердің техникалық мүмкіндігіне, олардың актерлық шеберлігіне тәнті болдық. Осы кештен кейін "Спартактың" әлі де өзекті екенін сенімді түрде айта аламыз. Біз 23 қаңтарда өтетін "Гала Балетке" де бармақшымыз, неге десеңіз, ұлттық балетті де тамашалаған өте қызық болып тұр, сонымен қатар жас балет труппасының ұлы классиктердің жауһарларын қалай орындайтынын да көрсек дейміз".

"Карло Феличе" театрының арт директоры, маэстро Джузеппе Аквавива труппаның Генуяға келуі, қос театр арасындағы ынтымақтастықпен байланысты екенін атап өтті. – Бүгін генуялық театрдың оркестріне Айдар Әбжаһанов дирижерлық етті, ал хор маэстро Пабло Ассантенің жетекшілігімен өнер көрсетті. Қазақстандық труппаның бүгінде бізде өнер көрсетуі – мәдени ынтымақтастықтың көрсеткіші.

Аталған өнер ордасында әр жылдары өздерінің шеберлігін Испанияның Ұлттық балеті, Американың би театры, Пекиннің би академиялық ансамблі, Миландық балет,  Гуанчжоу балетіндегі Марк Моррис би тобы сияқты жұлдыздар труппасы көрсеткен.

"Астана Опера" әртістерінің гастрольдік кестесі өте тығыз. Бес күннің төртеуінде техникалық және эмоциялық тұрғыдан күрделі балет – "Спартак" жоспарланған. 23 қаңтарда театр труппасы екі бөлімнен тұратын Гала-балет ұсынатынын естеріңізге сала кетейік. 

Қазақстандық балет әртістерінің өнері "Карло Феличе" театрының дирекциясына ұнағаны соншалықты, қазірден бастап алдағы сапарлар – "Аққу көлін", "Жаңғақ шаққышты" қою талқылануда, бұл–италиялықтардың өз сахнасында тамашалағысы келетін спектакльдер.

Гастроль барысында фойе театрына қойылған "Экспо-2017" экспозициялары басты оқиғаға айналды. Көрменің тақырыбы – "Болашақ энергиясы". "Экспо-2017" барысында Қазақстан елордасы - Астана қаласына 100 астам мемлекет пен халықаралық ұйым өкілдері, 2-3 миллион қонақ келеді деп күтілуде.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі