«Астана Опера» театрының солисі халықаралық конкурста жеңіске жетті

«Астана Опера» театрының солисі халықаралық конкурста жеңіске жетті

«Астана Опера» театрының солисі Роза Нұркей Ян Сибелиусқа арналған хор, аспапты музыка және «JSFest» академиялық вокалының беделді III халықаралық конкурсының лауреаты атанды.

Конкурс қарашаның 13-і мен 17-сі аралығында Турку қаласында өтті (Финляндия). Оған Финляндия, Қазақстан, Ресей, Корея, Швеция, Эстония, Алмания және Испания елдерінің өкілдері қатысты.

Шығармашылық байқауы бірнеше номинация бойынша өтіп, халықаралық әділ қазылар тарапынан бағаланды. «Астана Опера» театрының атынан қатысқан Роза Нұркей құрметті екінші сыйлықты және Ресей композиторлары одағының арнайы дипломын иеленді. Михаил Славкин басқарған мәртебелі мамандар, Ресей композиторлары одағының мүшелері қазақстандық әншінің вокалдық техникасын жоғары бағалады.

Конкурс аясында «Бүкіл әлем шырқайды» атты халықтар достығының концерті өтіп, әрбір қатысушы ана тілінде туынды орындады. Роза Нұркей қазақтың «Ахау, Бикем» әнін шырқап, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Сурет: astana opera

Ф. Абилова