Маңғыстау театры – облыстардағы әлеуметтік жағдайы ең жақсы театр

Қазанның 10-ы күні Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы гастрольдік сапарын бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Театры ұжымы Алматы көрермендеріне Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер ана», Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлу», С.Цвейгтың «Амок» новелласы және 2011 жылы Жапонияда болған зілзала желісі бойынша дайындалған «Зілзала» қойылымы, А.Камюдың «Калигула» трагедиясы сынды төрт қойылымды ұсынып отыр.

Айнара Жансейтова, театр директорының орынбасары:

- Театрымыздың құрылғанына 12 жыл болды. Театрдың Алматыға гастрольдік сапарын біздің халық алдында есеп беруіміз деп те айтуға болады. Театрымыз өте жас, 2003 жылы ғана құрылған. Сол жылдан бері қарай жұмыс істеп келеміз. Бүкіл Қазақстан бойынша аймақтардағы театрлардың ішінде Маңғыстау театрының әлеуметтік жағдайы өте жақсы. Театрдағы барлық әртістер үймен қамтамасыз етілген. 2013 жылы театрымыздың 10 жылдығында үйлердің барлығын жекешелендіріп берді. Біз жылына ең кем дегенде 5-6 қойылымды сахналаймыз. Қазірге дейін 54 қойылым қойдық. Әрине, бастапқыда халықты театрға үйрету қиын болды, тыныш отырмайды, қолдарымен көрсетіп, өздеріне ұнамаған кейіпкерлерді балағаттап дегендей. Ал, қазір Құдайға шүкір көрерменіміз қалыптасты.

А.Жансейтова облыстық театрдың тек сахнаның тарлығынан және театр сыншысының немесе арнайы драмматургияны, театрды білетін әдеби қызметкердің жоқтығынан ғана қиындық көріп отырғанын айтты.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: ©Massaget.kz