69-шы театр маусымы ашылады

16 қазан күні Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының 69-шы театр маусымының салтанатты ашылуы өтеді. Дәстүр бойынша театр маусымы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» спектаклімен ашылады.

69-шы театр маусымының салтанатты ашылуы сағат 18.00-де театр ғимаратының алдында өтеді. Ашылу салтанаты «Ақжелкен» этно-фольклорлық балалар ансамблінің концерттік бағдарламасымен басталады. Сағат 18.15-те Ғ.Мүсірепов ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі болып, театр басшылығы мен театр қонақтарының құттықтау сөзі сөйленеді. Одан кейін театр сахнасында Ғ. Мүсіреповтің  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу» спектаклі сахналанады.    

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев, қоюшы-суретшісі – Ерлан  Тұяқов, композиторы –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты  Райымқұлова. Қойылым фольклорлық-этнографиялық «Тұран» ансамблінің  қатысуымен өтеді. Аталған қойылымның сахна сайыстарын Аман  Құлбаев қойса, режиссердің ассистенті қызметін Жұлдызбек Жұманбай атқарады. Ал, режиссердің  көмекшісі – Әлия  Әбсаттарова.


«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі - бақытқа ұмтылған қос ғашықтардың махаббат жолындағы  тартысқа  толы  тағдырын  сөз  етер  сахналық  туынды. 


Жастық пен махаббат, сұлулық пен нәзіктік,  шынайылық  пен  іңкәрлік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақырыптарынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы  ғашықтық  жырларын  шертер  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу»  қойылымы – өнер  мен  өмір,  тәрбие-тағылым  мектебі  екені  хақ... 

Ұлы  Ғабаң  ( Ғ. Мүсірепов )  жазған  бұл  туынды – көпшілік-көрерменге  оқиғасы  жағынан  өте  кеңінен  таныс.  Дегенмен,  бұл  жолғы  Қозы Көрпеш  те,  Баян да – басқа...  Жаңа...  Жаңаны  көруге  асығыңыздар,  құрметті  көрермен!

Театрдың баспасөз бөлімінен

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: teatr-musrepov.kz