- Негізгі бет
- Театр
- 100 жастағы Айша...
100 жастағы Айша Абдуллинаның кеші өтті
Бір ғасырдың куәсі болып, 100 жасқа толған Қазақстанның халық әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Айша Абдуллинаның кеші Әуезов театрында өтті. Актрисаның жүз жасқа толу мерейтойы – жаңадан құрылған «Қазақстан театрлары ассоциациясының» алғашқы іс-шарасы.
Айша Төкебайқызының кешіне Алматыдағы қазақ-орыс театрларының басшылары мен ұжымдары, облыстық театрлардың жетекшілері қатысты.
Кеш шымылдығы Құрманғазы оркестрінің орындауындағы күймен ашылып, Айша Абдуллина сахна төріне жайғасты. Актрисаға зал толы көрермен тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Актриса көрермендер ықыласына басын иіп, алғысын айтты.
Кештің ресми бөлімінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жіберген құттықтау хаттарын оқып, министрлік атынан актрисаға шапан жапты. Келесі сөз кезегін алған Асанәлі Әшімов әуелі өз төрағалық қызмет атқарып отырған «Қазақстан театрлары ассоциациясына» құрылтайшылар есепті енген Алматыдағы театрлар басшыларымен көпшілікті таныстырып, Айша Абдуллинаның жүз жасқа толу мерейтойы аталған ұйымның тұңғыш өткізіп отырған шарасы екеніне тоқталды.
Асанәлі Әшімов Айша Абдуллинаны мерейтойымен құттықтап, ассоциациясы атынан 1,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сый тарту етті.
Ғасыр куәгері болып, жүзге келген актрисаның мерейтойын Алматыдағы қазақ және этностық театрлардың ұжымдары өнерлерімен көмкеріп, би билеп, ән шырқап, салтанатын асырды. Кеш соңында Айша Абдуллина жиналған қауымға қалың көрерменге батасын берді.
Г. Берік