Зухра Ермағанбетова: "Кәкімжан Қазыбаев – публицист"

Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына биыл, нақтырақ айтсақ 10 мамырда 90 жыл толады. 60 жылдық ғұмырында талай тақырыпқа қалам тербеген тұлға шығармашылығының өзіндік ерекшелігі, бөлекше болмысы бар. Осы ретте К.Қазыбаев шығармаларына талдау жасап, "Кәкімжан Қазыбаев – публицист" кітабын жарыққа шығарған Зухра Ермағанбетованың туындысынан үзінділер келтірмекпіз. Өзіндік жазу стилі арқылы қазақ публицистикасының теориялық-методикалық деңгейін жоғары деңгейге көтеруге ықпал еткен реформатор-қаламгердің шығармалары жайлы сын дәл осы кітапта орынды жазылғандай.

"Сұрапыл" романы жайлы

Тарихтың ауыр шежіресін жырлап, сұрапыл күндердің зілбатпан салмағын бұғанасы майыспай, өз мезгілінің мұңы мен мұқтажын суреттеуді мақсат тұтқан "қарыс жер  – қайғы, қағылмаған шеге – мұң" болған заманның әрбір демін жеткізген бұл шығарма жазушының дүниеден өтерінен алты ай бұрын, яғни 1989  жылы жазылған. Шығарма тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1995 жылы "Қайнар" баспасынан жарық көрді. Қолжазба күйінде баспаның терең тартпасына жатып қалуына "ашсам – алақанымда, жұмсам – жұДырығымда"  деген Кеңес өкіметінің цензурасы, өктем күші қатты әсер етті. "Айтса көз шығады, айтпаса сөз бұғады" кезеңіндегі аяғыңды аңдып басар заманда Кеңес өкіметіне өзі тәрбиелеп өсірген жоғары қызметтегі мемлекет қайраткерінің сұрапыл жылдардың шынайы бейнесін шімірікпей жазғаны "ұнамады". Сол үнсіздіктің бұғауы тек ел егемендігін алып, еңсесі көтерілген шақта ғана "үзілді". Оған дейін бұл роман ақиық ақынымыз Мұқағали айтқандай "шаң басқан архивтерде" жата берген еді.

Автор ақ пен қызылдың атыс-шабысынан бастап ашаршылықтың халықты жайпап кеткенін, сонымен қатар, "халық жауы" деген атаудың ауылда қалай жайыла бастағанын нанымды көрсете білген. Мысалы, өзіне оңай соқпайтынын білсе де аудандық партия комитетінің хатшысы Федор Афанасьевич Белозеров (Шодыр) Голощекинге хат жазып, ашаршылықтың басты себептеріне тоқталып, халыққа көмек беруін өтінеді. Кейін онысы өзіне сор боып жабысып, "халық жауы" атандырады. Малыбайдың мектепте оқып жүрген баласының кітабындағы суреттерді мұғалімі "Ленин ата, Калинин ата" деп атай бастайды да, осы уақытқа дейін пір тұтып келген басқа суреттерді "Бұл – жаман кісі, халықтың жауы" деп бетін баттастыра шимайлатады. Осы көрініс соншалықты елеусіз болса да үлкен жүкті көтеріп тұр. "Міне, пәле осыдан басталады!" деген айқай жоқ, аттан жоқ. Мұны қисынын тапқан шеберлік десе керек. Қазақы нар тұлғасымен танылатын Нарғазы досы Шодырды кеңсесіне іздеп келсе, ол да ұсталып кеткен. Сөйтіп, Кеңес өкіметінің қабырғасын өз қолымен қаласқан, бірақ қазақтың тарихын зерттегені үшін кінәлі саналған Жүсіп те, оның жары Бәтима да, хат танитын Малыбайдың баласы Ақылжан да, Шодырға дос болғаны үшін Нарғазы да ұсталады.

Пролог, эпилогымен қоса он тараудан тұратын бұл романда тұтас бір ауылдың өмірі сөз болған. Сол "Алғабас" ауылының өмірі қаз-қалпында, барлық қуаныш-қайғысымен көз алдыңыздан өтіп жатады. Оқырманның көңіліне терең ұялайтын Нәшекең, Күлжамила, Дәнекер, Жанар, Әкімдер бір-екі рет көзге ілінсе де ерекшеленіп, дара көрінетін Әбді, Келбет, Ахметқожа, Теңге, Ерден, Мұқатайлар өмірдегі өзіне тән орнымен, қилы-қилы тағдырымен, ой дүниесімен толғандырады.

Кәкімжан Қазыбаев повестері

Жазушы повестерінде кейіпкерлердің болмыс-бітімін, мінез-құлқын, ішкі әлемін, рухани дүниесін ашуда монолог, диалог, портрет берудегі детальдарды, тағы басқа да көркемдік тәсілдерді шеберлікпен қолданады. Повесті оқыған оқырман кейіпкердің мінезін біліп, сөзін ести тұра пішінін, кескін-кейпін көркісі келеді. Повестердегі тіл ажарына тоқталсақ, жазушы еңбек жолын журналистикадан бастағандықтан болар, оның лексиконы очеркиске тән. Оқиғаны баяндау барысындағы қолданған сөздер мен сөз тіркестерінде қысқа да нақты очерк жанрының лебі есіп тұрады. Бірақ, бұдан біз К.Қазыбаевты ортан қол жазушы дегеннен аулақпыз.

"Аманат", "Құпия құты" повестерінде Ұлы Отан соғысы салған ауыр сыннан сүрінбей өткен әйелдердің жиынтық бейнесі жасалған. "Сіз қыздарды, аналарды жақсы көресіз, шығармаларыңызда әйел баласын жер-көкке сыйғызбай мақтайсыз, бұл қалай?" - деген сұраққа: – "Әйел дүниеге ұрпақ әкеледі, адамзатқа тіршілік сыйлайды. Жер бетін қуанышқа бөлейді. Тілек атаулының бәрін өмірге әйелдер әкеледі. Олар ер-азаматтардың атқара алмаған ісін атқарады. Шын түсінген адамға опасыздық, екіжүзділік, сатқындық жасамайды. Сонысы үшін жақсы көремін" - деп жауап берген екен К.Қазыбаев. Нәзік жандылардың образдарын сәтті шығара алуы сондықтан да болар.

"Қышыма" повесті жайлы

Шығарманың әлеуметтік жүгі салмақты, автор қоғамдық мәндік мәселені төтесінен қойып, заман рухына шаужайласа ілесіп, өмірдегі асқынған мәселені көркем кестелей алған. Бұл жердегі автордың жете көрсетпек болғаны – қай қоғамда бомасын бір ұшқыны көрінетін жеке басқа табынушылықты сынның өткір найзасымен түйреп өту еді. Жазушы шығармада тоталитарлық, әкімшіл-әміршіл жүйеде қолдан істелінген осындай трагикомедиялық жайға жағымпаз мансапқорлар кінәлі дегенді айтады.

Повесть туралы Қаржаубай Омарұлы "Шындықты айтам деп..." атты мақаласында: "Бұл оқиғасы жағынан тың туынды. Жазушы әлі ешкімнің қаламына ілікпеген тақырыпты тап басып, өзіне тән ерекшелікпен игеріп шыққан. Меніңше, Кәкімжан Қазыбаевтың жазушы ретінде шеберлігі осы туындысында анық көрінген" - деген баға берген. Бұл пікірге біз де толықтай келісеміз.