Академик Әбдуәли Қайдар дүниеден озды

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, белгілі түркітанушы Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, Шоқан Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі (1983), Түркияның "Türk Dil Kurumu" лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі (1991), ҚР Президенті жанындағы ішкі саясат комитетінің мүшесі (1995), Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының құрметті президенті (2004), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы өзінің саналы ғұмырының кейінгі жарты ғасырынан астам уақытын тіл білімі саласында үзбей қызмет етті.

Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтап, өз еркімен сұранып майданға аттанды. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі "Даңқ" (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі "Отан соғысы" (1944), екі мәрте "Қызыл Жұлдыз" (1945) ордендерімен және "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін", "Москваны қорғағаны үшін" т.б. медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы "ұйғыр тілі" мамандығы бойынша бітірген. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР ұлттық Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы) Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағы астында өтті.

Академик Әбдуәли Қайдар қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға, ғалымдар даярлауға арнады. Әбдуәли Қайдар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп,  Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті болды.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге бағытталған тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Осымен байланысты академиктің ғылыми шығармашылығының өзекті бір саласын оның мемлекеттік тіл проблемасына, тіл заңына, тіл экологиясына байланысты көптеген көкейтесті мәселелері құрайды. Ғалым ғылымдағы өзінің үздік өнегесімен ғана емес, сонымен қатар, ол еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтылықтың жоғары деңгейінен көрініп келді.

Академик Ә.Қайдар тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөлген ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша қорғаған 13 доктор мен 66 кандидат Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ одан тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровада, Бишкекте, МХР, ҚХР т.б.) жемісті еңбек етіп жүргені белгілі. (Бұл деректердің барлығы Ә.Т.Қайдарға бағышталған Қазақстан ғалымдарының библиография сериясынан (Алматы: Арыс, 2001. – 130 б.) алынды). 

Академик Ә.Қайдар жасының ұлғаюына қарамастан әлі де шығармашылық шабытынан қайтып, ғылымның биік тұғырынан түскен емес. Ғалымның жоспарлап отырған еңбектерінің бірі – "Қазақ тілінің этимологиялық сөздігін жасаудың принциптері мен критерийлері", "Қазақ тіліндегі қос сөздер сөздігі" т.б. осы сияқты бұрын басталып, материал жиналып, аяқтауын күтіп отырған зерттеулер.

Академик Ә.Қайдардың ғылымдағы бұл айрықша әрекетін, бір жағынан көп жылдық тәжірибесінің қорытындысын шығару деп білсек, екінші жағынан, ана тілінің алдындағы өзінің ғалымдық, перзенттік парызын орындау деп түсінген абзал.

Ғалымның тіл білімінің жан-жақты дамуына қосқан үлесі, ғылыми идеяларының іске асып жалғасуы, жаңа бағыттардың, ғылыми өрісінің көкжиегін кеңейтудегі ұлан-ғайыр еңбегінің дәлелі – ғалымның педагогтік, ұстаздық қызметі (әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің (1983), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (1997), Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының (2001) профессоры) және ғалым-мамандар (13 ғылым докторы мен 70-ке жуық ғылым кандидаттарына жетекшілігі) дайындауы.

Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, "Халық достығы" ордені, "Отан" ордені, "Құрмет нышаны" (Түркия ордені) "Ана тілінің айбары" алтын белгісімен және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.