Мәскеуде Жанна Фрискемен қоштасу рәсімі өтіп жатыр

Мәскеуде Жанна Фрискемен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, - деп хабарлайды Теngrinews.kz тілшісі Super.ru сайтына сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, Жанна Фриске 16 маусымға қараған түні 41 жасында бас миындағы қатерлі ісіктен қайтыс болған еді.

Әншімен қоштасу рәсімі Жаннаның бірнеше рет өнер көрсеткен Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" кешенінде болып жатыр. Рәсімге әншінің тыңдармандары мен туыстары, шоу-бизнестегі достары - Ольга Орлова мен Диана Гурцкая да келді. "Блестящие" тобының экс-солисімен қоштасу рәсімі 20.00-ге дейін жалғасады. Ертең ол Николо-Архангельский зираттарының біріне жерленеді.

Жанна Фрискенің қатерлі ауруға шалдыққаны туралы ақпарат 2014 жылдың басында пайда болды. Әнші АҚШ, Германия мен Қытайдың ең үздік ауруханаларында ем алды. Соңғы айларда ол күйеуі Дмитрий Шепелев пен ұлы Платонмен бірге Мәскеу маңындағы үйінде тұрды. Кейін әншінің күйеуі ұлымен бірге Болгарияға кеткені белгілі болды. Жанна өмірден өткен күні ертеңіне Дмитрий Шепелев қолдау көрсеткендердің барлығына Facebook арқылы алғысын айтты.