Талғат Бигелдинов өмірден озды

Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Бигелдинов 93 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Қазақтың батыр ұлы 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Талғат Жақыпбекұлы Ұлы Отан соғысы кезінде ИЛ – 2 ұшағымен неміс басқыншылары мен олардың техникасын жою үшін 305 рет көкке көтеріліп, қайталанбас ерлік жасаған. Батырдың көк жүзінде ұшқан уақыты 500 сағаттан асқан. Ұшағы үш рет жанып, жарақат алған батыр небәрі 23 жасында Кеңес Одағының батыр атағын екі дүркін алған.

Батыр туған елінің көркеюіне де үлкен үлес қосты. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалада аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосады. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарды, әсіресе, Алматыдағы небір тамаша зәулім ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады. Мысалы, Лисаков кен байыту комбинатын, Жамбыл суперфосфат комбинатын, Республика сарайы, республикалық кітапхана, цирк ғимараты.

Massaget.kz Талғат Бигелдиновтың өмірден озуына байланысты барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтады...

Сурет: tengrinews.kz