"Сөзіңе жауап бересің". Авторлар сыншылардан қалай кек алған?

"Сөзіңе жауап бересің". Авторлар сыншылардан қалай кек алған?
Фото: joyreactor.cc

Қазіргі жазушы қауым сын үшін сыншыны әлеуметтік желіде әрі кетсе бұғаттап қояр. Ал XIX ғасырдың жазушылары мен суретшілері сыншыны ашық айқасқа шақырып, өз мүдделерін қорғаған. 

Францияның өзінде дуэльдер үш рет заңсыз деп танылған: 1559, 1594 және 1626 жылдары. Бәрі зая. Тыйым салынған сайын жекпе-жектер одан әрі қыза түскен көрінеді. Тіпті Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін дуэльдер офицерлер мен аристократтар арасында жиі болған. XIX ғасырда бұл "салт" шығармашылық ортаға да еніп кетті. 

Томас Мур – Фрэнсис Джеффри 

Томас Мурдың Америкаға саяхаты барысында жазылған өлеңдер жинағы мұхиттың екі жағындағы жұрттың наразылығын тудырды. Сол уақытта АҚШ либерализмнің шамшырағы саналған, бірақ ирландиялық ақын олардың тұрмысы мен құлшылығын өткір кекесінмен сынап жазған. 

Томас Мур және Фрэнсис Джеффри 

Оқырмандардың балағатына Мур көнгенімен, әдеби сыншы Фрэнсис Джеффридің адамгершілікке жат өлеңдер деген айыбына шыдай алмады. Нәтижесінде Лондонның бір түбінде дуэль болуы тиіс еді. Бірақ жекпе-жек болған жоқ. Себебі қауесет арқылы билік өкілдері жетіп келген еді. 

Эдуард Мане – Луи Эдмон Дюранти 

1870 жылы 18 ақпанда Париждегі Вандом алаңында сурет көрмесі өтті. Онда суретші Эдуард Мане екі суретін ұсынды: "Философ (Ницше және ұлулар)" және "Періштелер ортасындағы өлі Мәсих". Белгілі өнер сыншысы Луи Эдмон Дюранти көрме соңында Мане картиналары туралы бір ғана сөйлем жазыпты: "Мсье Мане философқа ұлуларды, Мәсихке акверельді таптатып қойыпты". 

Эдуард Мане және Луи Эдмон Дюранти 

"Философ (Ницше және ұлулар)" және "Періштелер ортасындағы өлі Мәсих" картиналары

Мұндай келте пікірге булыққан суретші Дюрантиді Монмартрдағы "Гербуа" кафесінде кездестіреді де шапалақпен салып қалады. Нәтижесінде дуэль жарияланады. 23 ақпан күні Сен-Жермен орманында екі дуэлянт қылыштасады. Екеуінің берілгені сонша, қылыштар майысып кеткен көрінеді. Мане шабуыл үстіне шабуыл жасап, сыншының кеудесін жаралайды. Жарақатты секундант-жазушылар Эмиль Золя мен Поль Алексис қарап, суретші абыройын сақтап қалды деген шешім шығарады. 

Марсель Пруст — Жан Лоррен 

1896 жылы Марсель Прусттың әдебиеттегі дебюті сәтсіз болды, бірақ жас жазушы өз туындыларын қорғауға дайын еді.

Марсель Пруст пен Жан Лоррен

Сыншы Жан Лоррен автордың талантына күмәнмен қарап, шығармаларын аямай сынайды. Оған көнетін Марсель жоқ, ақыры дуэльге шақырады. 1897 жылы 5 ақпанда Медон орманында кездесуге келіседі. Пруст өмірде сезімтал болғанымен, жекпе-жекте өзін еркін ұстады. Оған жайсыз болған бір ғана жайт – ерте тұрып таңертең бару еді. Ақыры секунданттар дуэльді түске қарай ұйымдастырады. Лоррен мен Пруст 25 қадам шегініп атысады, бірақ екеуі де тигізе алмай аман-есен тарайды. 

Уве Болл – 5 киносыншы 

Қазір суық қарумен дэульге шығу заңмен тыйым салынған. Сондықтан видеоойындарды экранизациялаған неміс режиссері Уве Болл 2005 жылы өзінің киноларын сынағандарды бокс рингіне шақырады. 

Боллмен жұдырықтасуға бес киносыншы бел байлайды: Something Awful сатира сайтының негізін қалаушы Рич Киянка, Rue Morgue журналының авторы Крис Александр, блогер Карлос Хименес-Аргуэлло, киношолушы Джефф Снайдер, интернет-сыншы, әуесқой боксшы Ченс Минтер. Режиссер әрқайсысымен 10 раундтан өткізуге келіседі. Кездесулер 2006 жылы қыркүйекте өтіп, бес кездесуде де Уве Болл жеңіске жетеді. Үш қарсылас техникалық нокаутпен жеңіліп, біреуі тіпті орнынан тұра алмай қалған екен.

Massaget.kz