Қазақ хандығының 550 жылдығы биыл ма? #2

Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей парсы тілінде жазылған тарихи туындыларды қазақ тіліне аударған. Ол қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына демеу болған Қазақ хандығының нақты құрылған уақыты келтірілетін «Тарих-и Рашиди» еңбегін қазақша сөйлеткен. Ислам Жеменей — қазақ тарихын бірнеше ғасырға дейін айқындап, тағылымын тереңдеткен тұлға.

Филология ғылымдарының кандидаты Ислам Жеменей қазіргі таңда Сулейман Демирел атындағы университетте дәріс оқиды. Иран территориясында туған қазақ баласы өз тарихын ерте жасынан таныған екен. Ғалым Иран Ұлттық университетінде, кейіннен Түркиядағы Стамбұл университетінде білім алады. Назарларыңызға шығыстанушы ғалымның пікірлерін ұсынамыз.

Басы

– Абай туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылғаны белгілі. Дегенмен біз Абайды толығымен өзге тілге аудара алдық десек адасамыз. Себебі бұл мүмкін емес. Абайды түсіну үшін оқырман қазақ тілін жетік меңгерген болуы тиіс. Сәйкесінше Шекспирдің пьесаларын тану үшін, оны ағылшын тілінде оқу керек. Аудармашы екі тілді өзінің туған тілін білетін деңгейге жеткізгенде ғана нағыз маман болады.

– «Тарих-и Рашиди» парсы тілінде жазылды. Дегенмен тарихи кітапта қазіргі қазақ тілінде қолданыста бар 100-ден астам сөз қолданылған. Мұның өзі орта ғасырда қазақ тілінің кеңінен қолданылғанын білдіреді. Оған Үндістанда Ұлы Моғол империясының негізін салған Заһиредден Мұхамед Бабырдың (Әмір Темір шөбересі – авт.) «Бабырнама» еңбегі жазылған түркі тілі де дәлел бола алады. Еңбекте қазақ тілінің диалектілері жиі қолданылған. Егер «Бабырнаманың» түпнұсқасын қазақ тілін білетін адам оқыса, оның ішіндегі көптеген сөздерді тани алады.

– Баяғы сол Жүсіп Баласағұндар өмір сүрген кезде қоғамға ықпал жасайтын факторлар аз еді. Интернетті пайдамызға асыру үшін жұмыстар жасауымыз шарт. Бірақ бұл факторды сонша асыра үлкейтіп, басқаларды оның көлеңкесіне қалдырмауымыз керек. Ислам дінінде теңдікті ұстауымыз керектігі айтылады. Әрбір затты шеңберінен асырмай, тепе-теңдікті сақтап отыруымыз керек. Интернет бетіне көшкен соң біз концерттерді, термелерді, дәстүрді, салтымызды азайтсақ біз ұтыламыз. Ал біз мұны басқа жағынан қарасақ, интернет арқылы сол термелерді тыңдасақ, көрме ұйымдастырсақ, кітап оқуға көшсек, әлбетте, ұтамыз. Бірақ көбіне интернет біз үшін ақпарат алу көзі. Одан бәрібір де кітап оқып өндіре алмаймыз. Интернет біз үшін мақсаттарымызды орындауға арналған құралға айналу керек. Көбіне бұл арқылы насихат, жарнама жұмыстарын жүргізгеніміз дұрысырақ. Бұған да, әрине, үлкен дайындықпен келуіміз қажет.

– Шыңғыс ханнан Қазақ хандығының құрылуына дейінгі кезеңде жазылған жазба деректер аз емес. Оның бәрі түркі ұрпақтарының ортақ тарихы. Сол еңбектерді зерттеп, қазақ тіліне тәржімалау әрбір ұлтын сүйетін қазақтың міндеті болуға тиіс. Біз тарихымызды тану арқылы ұлттық болмысымызды кеңейтеміз.

– Сізге пышақ керек пе? Керек. Оны күнделікті тұрмыста қолдануға болады, ал бірақ сол пышақпен адамды да өлтіріп жатыр. Мәселенің бәрі үкіметте. Елбасы  2020 жылы барлығымыз қазақша сөйлейміз деп айтты. Елбасыны құрмет тұтып, оның бағыт-бағдарын орындайтын болсақ біз жеті жыл ішінде 97 пайыз қазақша сөйлеуге көше аламыз ба? Жоқ. Себебі тілге жаны ашып жатқан адам жоқ. Қаріп тартысы – артық тартыс, меніңше. Латын тіліне өткенімен де негізгі мәселе шешілмейді. Тіл саяси құралға айналғандай. Мен қатты айтпайын десем де айтайын – бұл дұрыс емес. Ештеме айқын емес. Төрт-бес ғалым шығып халық алдында сөйлесін. Елбасы тапсырмасын орындаушылар өз жобасын ұсынып көрсінші. Латын да, кирилл де – пышақ. Оны қалай қолдануыңыз басты мәселе. Біздің бұған дейінгі жіктелуіміз аз болғандай енді осы мәселені де шығарып алдық. Оның барлығын үкімет біліп отыр. Қазаққа жаны ашитын үкімет бәрін де оңтайландырады.

– Сөздің өзіндік сыры бар, иісі бар. Сөздің дәмі бар. Сол үшін де біз жазба деректерге сүйеніп еңбектенеміз. Оған бірнеше он жыл ғұмырымызды бағыштадық. Егер сіз менен қандай деңгейге жеттіңіз деп сұрасаңыз, мен сөздің дәмін сезетін хәлге жеткенімді айтар едім. Тіпті олармен тілдесемін. Белгілі бір ғылымға мамандану деген осы.