- Негізгі бет
- Тарих
- «Хан Қорық» атауы...
«Хан Қорық» атауы қалай шыққан?
Белгілі саясаткер Дос Көшім 18-22 тамыз аралығында киелі Ұлытау өңірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамымен біріге Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған «Хан Қорық» халықаралық жастар фестиваліне қатысқан болатын. Massaget.kz тілшісі Дос мырзадан Ұлытаудағы жер-су атауларына қатысты пікірін сұрап, «Хан Қорық» атауының шығу тарихын білді.
— Дос мырза, қасиетті Ұлытау жерінде өткен «Хан Қорық» жастар фестивалі туралы не айтасыз?
— Қазақтың тарихы тұнып тұрған киелі жерге Қазақ хандығының 550 жылдығына орай келіп, тойлағанымыз өте орынды. Фестиваль өтетін орын да дұрыс таңдалған. Орта ғасырларда қазақ хандары отырған орталық «Хан Қорықта» жастардың басы қосылды. Әрине, алыс шығар. Мысалы, біз де бес киіз үйімізді көтеріп, Алматыдан 24 сағат жүріп келдік. Десе де мұндай тамаша мекенді көру - екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік қой. Осы жердегі тарихты көру, Жошы хан мен Алаша ханның мазарларына бару арқылы жастар кезінде біртұтас ел болғанымызды сезініп, патриоттық рухы тәрбиеленеді.
— Ұлытаудағы топонимикалық жер-су атаулары туралы не білесіз?
— Мен Ұлытауға үшінші рет келіп отырмын. Алғаш рет келгенімде Әулиетау шыңынан алыс емес жерде «Кенесарының бекінісі» деген жер туралы естіген болатынмын. Сол жерде Кенесары сарбаздары екі таудың арасын таспен қалап, бекініс салған. Бекініс орыстың әскерлерімен қақтығыс кезінде қолданылған екен. Расында, Ресей мен Қазақстан арасындағы достастықты ойлап, Кенесары хан туралы ауыз ашып сөйлей бермейміз. Дегенмен, бұл – тарих. Оны тұмшалап тастап, айтқызбай қоюға тағы да болмайды. Ұлытауда атауы тарихи маңызына қарай берілген жерлер өте көп. Себебі қазақтың «Алаш» деген сөзінің өзін Алаша ханмен байланыстырып айтылады. Жошы ханнан бүкіл қазақтың хандары тараған.
— «Хан Қорық» атауының шығу тарихына тоқталып өтсеңіз.
— «Ұлытау – Қазақ хандығының қамалсыз астанасы» деп бекер айтылмаған. Шындығында, мұнда талай хан ақ киізге көтеріліп, талай шайқас өткен. Демек орта ғасырларда бұл өңірдің саяси маңызы орасан зор болған. Осының өзі Ұлытау ханның ордасы, қорығы болғанын дәлелдейді. «Қорық» сөзі неліктен қосылып айтылған десең, бұл Ұлытау аймағы қазақ хандарының астанасы екенін, яғни мұнда мүлде аң аулауға рұқсат етілмегенін білдірген. Тарихшылар Абылай хан Көкшетауда көп тұрғандықтан, осы жерді хан ордасы санайды. Ал шындығында қазақтар таудың етегінде емес, сары даланы мекен еткен. Сондықтан Ұлытау «Хан Қорығы» ретінде таңдалған.
— «Хан Қорық» жастар фестивалінің басты мақсаты — осы өңірде экотуризмді дамыту. Ал Ұлытауға туристерді тарту арқылы тарихи жәдігерлерімізге нұқсан келітіріп алмаймыз ба?
— Шындығында, АҚШ-та «Американы таныту» деген қоғамдық үрдіс қалыптасқан. Америкалықтар демалыс кезінде оңтүстіктен солтүстікке, батыстан шығысқа саяхат жасайды. Бұл – өз елінің жерін, тарихын таныту мақсатында жасалған үгіт-насихат жемісі. Сол сияқты бізде де қолымызға ақша түссе, Түркияға немесе Тайландқа барып демалмай, Ұлытау сынды тарихи маңызы бар өлкелерге келген әлдеқайда ұтымды. Біз еліміздің ішіндегі мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отырмыз. Әрине, тарихи нысандарға тиетін қауіп те бар болуы мүмкін. Мұның бәрі ұйымдастырушылардың, сол мәселемен айналысатын мекемелердің еңбегіне байланысты болады. Мұны жастарымыздың арасында дәріптей білуіміз керек. Қазақ хандарының негізгі орныққан орталығы қазақ ұлтының қалыптасуында маңызды рөл ойнаған мемлекеттің (хандықтың) болғанын көрсетеді. Ұлытауға студенттер ғана емес, тіпті мектеп оқушылары да келетіндей жағдай жасасақ, жас ұрпақтың тәрбиесіне өз үлесімізді қосқан боламыз.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Ж. Өрісбай