Ғұн қағанның "жанды жері" немесе жер туралы аңыз

Ғұн қағанның "жанды жері" немесе жер туралы аңыз
Фото: ult.kz

Ғұндардың кең байтақ жеріне Дунь Ху мемлекетінің ханы қызығып, оны алудың амалын ойластырды. Дунь Ху елінің әміршісі ғұндардың жас патшасына елшісін жіберіп:

- Мөде достығымызды сыйласа, маған сәйгүлігін берсін, — дейді.

Сөйтіп күніне айшылық жолдарды алатын жүйрік тұлпарын сұратады.

Мөде елдің ең атақты да ақылды адамдарын жинап, не істейтіні жөнінде кеңес құрады. Кеңесшілер оған былай дейді:

- Айшылық жолды бір күнде алатын арғымақ — ғұндардың киесі, сондықтан, бұл атты беруге болмайды. Олардың мұнысына Мөде былай деп жауап қайырады:

- Шынымен-ақ біз бір атқа бола соғыспақшымыз ба? Бұл сыйымыз одан да біздің көршілермен достығымыздың кепілі болсын. Сөйтіп Мөде жүйрік тұлпарды сыйға тартады.

Дунь Ху елінің ұлықтары Мөдеге тағы да жаушы жіберіп, өз әміршілеріне өзінің ең сұлу да сүйікті әйелдерінің бірін тарту етуін сұрады. Бұл ұлы әміршінің намысына тиіп, соғыстың себебі болуға тиісті еді. Мөде тағы да өзінің ең ақылгөй деген уәзірлерін кеңеске жинайды. Өтінішке өттері жарылардай ашуланған кеңесшілер айтты:

- Бұл көршілеріміз әбден астамсыды. Енді әйелімізді сұрап отыр. Біз олармен соғысуымыз керек!
Оларды тыңдап болған соң, Мөде былай деп ұйғарды:

- Арғымақ та, әйел де — ел тыныштығының кепілі болсын.

Сөйтіп әміршіге әйелін де аттандырды…

Енді мейманасы тасыған әмірші әскерін жиып, батысқа, дәл ғұндардың шекарасына жылжып келді.

Ғұн ордасы мен Дунь Ху елінің аралығында шөп те өспейтін, суы да жоқ бір пұшпақ жер жатқан болатын. Көп замандардан бері бұл жерде ешкім мекен етпеген, шекара дәл осы арадан өтеді. Әмірші Мөде қайтадан елші аттандырады:

- Біздің шекарамызда ешкімге қажетсіз жер жатыр. Ғұндар, бұл сендерге мүлдем керексіз. Бізге сол жерді беріңдер.

Мөде бұл жолы да кеңесшілерін жиып, олардан не істеймін деп ақыл сұрады. Кейбіреулер оның сұрағына былай деп жауап қатты:

- Бұл бос жатқан жерді беруге де болады, бермеуге де болады. Одан бәрібір ешқандай пайда жоқ.
Осы арада Мөденің төзімі сарқылды:

- Мен әміршінің екі талабын орындадым, себебі, ат та, әйел де өзімдікі болатын. Ал, жер жақсы болса да, жаман болса да халықтікі! Біз оны басқаларға қалайша сыйға тартпақпыз?

Ол жерді жатқа беру керек дегендерді дарға асуға бұйырып, өзі қол бастап, жауға қарсы жорыққа аттанады.
Осы уақыттарда ғұндар мен Дунь Ху елі арасында соғыс басталады. Бұл соғыста Мөде жау әскерін тас-талқан етіп, оларды көп шығынға ұшыратты.

Мөде құрып, кеңейтіп, қорғаған мемлекет тура 350 жыл өмір сүрді. Егер бұған Ежелгі Қытай аумағындағы ғұндар ықпапында болған ұлыстардың тағы бірнеше жүздеген жыл тіршілік еткенін қосар болсақ, Мөде негіздеген мемлекеттің жалпы тарихы 650 жылды құрайды.

Дерек көзі: ult.kz

B. ZHAQSYMBET