Әмірхан Балқыбек. Рим пір тұта жаздаған адам

Әмірхан Балқыбек. Рим пір тұта жаздаған адам

Еділ патша заманындағы білімді римдіктер Рим тарихының бастауында прототүркілер тұрғандығын сезінген сияқты.

Олар Еділге Марстың қылышын ғана сыйлап қойған жоқ, оны Марстың ұлы қылып та жібере жаздады. Бұл қасиетті қала тарихында Ромул мен Рем бір қатарда тұру деген сөз еді. Христиан діні кедергі жасамағанда, кім біледі, біздің Римнің ұлы перзенттерінің бірі Еділ туралы аңызға куә болуымыз да әбден мүмкін еді-ау. Амал қанша? Кейінірек, Еділдің басынан бақ тайғаннан кейін христиан діні, дәлірек айтқанда, шіркеу ғұн көсемін ұлықтайтын аңыз әңгімелердің бәріне теріс мағына, солақай сипат беріп жіберді. Нәтижесінде, Еділ Марс пен Ханшаның некесінен емес, ит (негізгі қасқыр болуы тиіс) пен ханшаның көңілдестігінен дүниеге келген адам бейнелі, ит құлақты құбыжық болып шықты. Дегенмен аңыздың түпнұсқасында Ромул мен Ремнің дүниеге келуі туралы римдік әфсана желісі жатқандығын сырт көзден жасыру мүмкін емес-ті.

Иә, Олжас Сүлейменов жазғандай, Еуропаға Еділдің иттен туғандығы туралы аңызды ғұндар әкелген жоқ, оның көне римдік, бәлкім, етрускілік болып саналатын жергілікті көнекөз нұсқасы да бар еді. Оны бағзы бір кездері Римнің негізін қалаған прототүркілердің мұра қылып қалдырғандығы да анық. Бірақ, амал қанша, бұл кездері Марстың орнын Иисус Христос басып үлгерген болатын. Уақыт Христос туғаннан кейінгі 450 жылдарды көрсетіп тұрды. Шаңырағы шайқала бастаған Рим болса христиан сенімінің әлемдік орталығы болып қалуға тырысып жатты. Себебі, алып империяның әлдебір отар елінде пайда болған адамзатты құтқарушы жайлы ілім Рим когорталарын соғыссыз тізе бүктірген-ді.

Ал Христоспен жағаласуға Еділдің дайындығы да, ынтасы да жоқ еді. Өйткені көшпелі түркілердегі секілді онда да пайғамбарлық жайлы түсініктің болмағандығы анық. Кім біледі, Иса жайлы әңгімені естіген қайран Еділ қарқылдап күлген де болар-ау. «Оң бетіңнен ұрса, сол бетіңді тос» деген қағиданы жүрегі бар қандай жан қабылдай қойсын.

Міне, осылайша түбі бір Марсқа табынушылық пен қасқыр төтемінің арасында өткел бермес асу болып христиан сенімі жатты. Ал Еділ бастаған ғұндар бағзы бір заманда Рим тарихында із қалдырған прототүркілердің жаңғырығы сияқтанып өмір мен тарих сахнасынан зыр етіп өте шықты. Олар Римнің негізін бір кездері өздері тектес халықтың қалағандығын білген де, оны білсек деп бас ауыртқан да жоқ.

Сөз соңы

«Римдіктер алдымен латын тілінің шығу төркінін зерттеуге кіріскенде олардың әлемді жаулап алуға ешқандай да уақыты қалмаған болар еді». Неміс ақыны Генрих Гейне осылай жазады. Бір ғасырдан аса уақыттан кейін қазақ ақыны Олжас Сүлейменов те осы ыңғайлас пікірді қайталайды. Ақын «Сөз төркіні» еңбегінің «Бастапқы грамматика» атты тарауында байырғы алдыңғы Азия мен Жерорта теңізі жағалауларындағы елдерде, яғни бүгінгі Рим орналасқан Аппенин түбегінде де түркілер мен славяндардың ықпалы зор болғандығын айтады. Ал мұндай ықпалдың тарихта, жергілікті халықтардың сөздік қорында, аңыздар мен әфсаналарында із қалдырмауы мүмкін емес-ті.

Ақын, сондай-ақ, түбекте алғаш рет 12 қала-мемлекеттен тұратын қуатты бірлестіктің негізін қалаған тайпалардың құрамында прототүркілік тайпалардың да болғандығын жоққа шығармайды. Тіпті, олардың бірінің туында қасқыр бейнесі болған деген пікірді де алға тартады. Иә, ақын аға айтқандай, Римнің бір кездегі елтаңбасы «Қаншық қасқыр мен егіз ұл» деген мағынаны білдіретін таңбалардан тұрған болуы ғажап емес.

Ол ол ма, ақын аға кейбір бағзы этрус жазбаларын тікелей түркі тілінің көмегіне сүйеніп оқуды ұсынады. Иә, Аппенин түбегінде бір кездері прототүркілер дәуірлеп тұрған. Оған мәңгілік Римнің іргесіне қаланған тастар куә. Біздің ендігі міндет сол тастарды сөйлету болса керек.

1998 жыл
Автордың «Қасқыр құдай болған кез» кітабынан

M. Auelkhan