- Негізгі бет
- Тарих
- Генерал Нобиле қателігі...
Генерал Нобиле қателігі
1928 жылы алғашқы дирижабльді құрастырған италиялық генерал Умберто Нобиле «Италия» атты дирижаблінде Солтүстік полюске жоспарланған экспедицияны басқарады. Экипаж құрамы Кингсбейден (Шпицберген архипелагы) басталып, полюс бассейнін айналып шығуы тиіс болған.
Экспедицияға 16 адам қатысқан. Айта кетсек, оның құрамында чех физигі Бегоунек пен әйгілі швед метереологы Мальмгрен болған. Ал дирижабль капитаны Умбертоның өзі еді. Алыс жолға шықпас бұрын генерал өз сарапластарымен бірге Ватиканда Рим Папасы Пий XI-мен кездеседі.
«Италия» дирижаблі 1928 жылдың 24 мамырында Солтүстік полюске жетеді. Жоспар бойынша алып ауа аппараты 100 метрге дейін төмендеп, полюске Норвегия, АҚШ және Италия жалауы лақтырылады. Экипаж полюстің айналасында 2,5 сағаттай айналып, территорияны көктен зерттейді. Экспедиция жоспары бойынша дирижабль кейін қайтуы керек еді. Бірақ генерал Солтүстік Американың солтүстік-шығыс бағытын анықтау үшін Аляскаға бағыт алуды бұйырады.
Бірнеше күннен кейін қарсы соққан жел дирижабльдің жолына кедергі болып, оны мұзға орайды. Салмағы ауырлай түскеннен кейін кеме төмендей бастайды. Капитан дирижабльдің қалыпты жағдайын сақтау үшін еш әрекет жасай алмайды. Нәтижесінде «Италия» әуе кемесі мұзға құлап, бірнеше бөлшекке бөлінеді. Оқиға Баренц теңізінің маңында орын алады.
Нобиле басқарған экипаж құрамын іздеуге Италия, Швеция, Норвегия, Франция және Кеңес үкіметі бірнеше экспедиция ұйымдастырады. Оңтүстік полюске бірінші жеткен норвег саяхатшысы Руаль Амундсен француз экипажымен дирижабль апаты болған жерді іздеуге 18 маусым күні Тромсё (Норвегия) қаласынан аттанады. Іздеуге шыққан экипаж да жоғалып кетеді.
23 маусым күні Нобиле лагері орналасқан жерге швед ұшқышы Эйнар Лундборг қонады. Ортақ шешім бойынша, ұшқыш аяғы сынған дирижабль механигі Чечонені құтқаруы тиіс болған. Дегенмен Эйнар бұйрыққа орай генералды бірінші алып кетеді. Экспедицияның қалған мүшелерін Кеңес үкіметінің «Красин» мұзжарғышы құтқарады.
Ж. Өрісбай