The New York Times компаниясы 77 теңгеге сатылған

The New York Times компаниясы 77 теңгеге сатылған
Фото: www.outsidethebeltway.com

АҚШ-қа танымал The New York Times газетінің тарихы 1851 жылдан бастау алады. Бастапқыда британдық The Times газетінің америкалық нұсқасы ретінде шыққан. Кейіннен ол аймақтық таралымнан халықаралық деңгейге жетеді. Қазіргі таңда The New York Times – The Wall Street Journal басылымынан кейінгі АҚШ-тағы ең үлкен таралымға ие күнделікті шығатын газет.

«Нью-Йорк таймс» газетінің веб-сайты әлемдегі ең танымал жаңалықтар порталы саналады. Оның 30 миллионнан астам тұрақты оқырманы бар. Америкалық газет «Бізде тек басылуға тұрарлық жаңалықтар шығады» (All the News That’s Fit to Print) лозунгімен таратылса, газет сайты «Бізде басуға тұрарлық жаңалықтар бар» (All the News That’s Fit to Click) ұранымен жұмыс істейді.

The New York Times газетін  New-York Daily Times атауымен 1851 жылы 18 қыркүйекте Генри Джарвис Рэймонд есімді саясаткер құрған. 1857 жылы газет аты The New-York Times болып қысқартылады. Ал 1890-жылдары дефис алып тасталады. Нью-Йорк қаласының басты газеті АҚШ-та азамат соғысы болған кезде (1861-1965 ж.ж.) аптаның жеті күнінде де шығарылады. 1963 жылы АҚШ саясаты туралы сыни пікірлерді басып шығарғаны үшін The New York Times басылымы саяси қысымға алынады. Көп өтпей Генри Реймонд редакцияны қазіргі бағамен есептегенде 28 центке (77 теңге) сатып жібереді.

1896 жылы Chattanooga Times басылымының басшысы Адольф Окс The New York Times газетін сатып алады. Окс Реймонд журналистикалық әдістерін дамытып, саяси шабуылдан аман қалған газетті қайта қалпына келтіреді. Бірнеше жылда The New York Times басылымы New York World және New York Journal газеттерін басып озады.

1942 жылы газет беттерінде кроссвордтар пайда болады. Ал 1946 жылы сән тақырыбына қатысты айдар қосылады. Сол жылы басылымның халықаралық нұсқасы шыға бастайды. Компания басшылары New York Herald Tribune және The Washington Post басылымдарының инвесторларымен бірігіп, Парижде International Herald Tribune редакциясын іске қосады.

2009 жылы New York Times кезекті Пулитцер сыйлығын (Pulitzer Prize) иеленіп, АҚШ-тағы ең көп тиражбен шығатын газеттер үштігіне енеді. USA Today мен The Wall Street Journal газеттері сол рейтингтің көшін бастаған. Қазіргі таңда газет The New York Times компаниясына тиесілі. Оны медиа магнат Адольф Окстың ұрпағы басқарып келеді.

2010 жылы 26 желтоқсанда жарияланған ресми ақпаратқа сенсек, газет тиражы жұмыс күндері 906 100 дана болса, демалыста 1 356 800 данаға дейін жеткен. New York Times газеті жұмыс күндері $2.50 тұрады. Ал демалыста газет бағасы екі еселенеді. Қазіргі таңда халықаралық медиа компанияның Нью-Йорк аймағында 10 жаңалықтар бюросы, 11 ұлттық бюро (АҚШ территориясында) және шетелде 26 ақпараттық бюросы жұмыс істейді.

The New York Times басылымы азамат соғысы жылдарында саяси қысымға тап болғаннан кейін мұндай тақырыпта маңызды тұлғалардың, әсіресе, оппорзицияның пікірін баспауға тырысады. Газет негізгі үш бөлімнен тұрады:

• Жаңалықтар: халықаралық, ұлттық, қалалық, бизнес, технологиялар, ғылым, денсаулық, спорт, метрополитен, білім, ауа райы және некрологтар. 
• Пікірлер: редакциялық мақалалар, жеке ұсынылған мақалалар, арнайы келген хаттар. 
• Ойын-сауық: өнер, кино, театр, саяхат, Нью-Йоркте жолнұсқаушы, тағам мен вино, үй, мода және стиль, кроссворд.

Метрополитен айдары бар газеттер тек Нью-Йорк, Нью-Джерси және Коннектикут штаттарында сатылады. Ал қалған тақырыптағы мақалалар барлық басылымда бірдей шығарылады.

The New York Times газетінің интернет нұсқасы 1996 жылы құрастырылады. Бұл әлемдегі алғашқы жаңалықтар порталы болғандықтан, сайт рейтингі бірден көтеріледі. 2005 жылдың наурыз айында веб-сайт көрілімі 146 миллион адамға жетсе, 2008 жылы nytimes.com доменінің жылдық орта көрілімі 555 миллионнан асады. Қазіргі кезде газеттің ресми сайты көрілім саны бойынша әлемдік рейтингте 59-орында тұр.

Бүгінгі таңда онлайн контенттен жаңалықтар қарау шектелген. 2011 жылғы өзгеріске орай, енді кез келген оқырман The New York Times газетінің ресми сайтында айына 10 мақаланы ғана тегін оқи алады. Ал одан көбірек ақпарат алуға ықылас танытқан адамдар тіркеліп, айлық ($1)немесе жылдық ($10) абонемент сатып алуы тиіс болады.

Ж. Өрісбай