Google әлемдегі ең ірі екінші компания атанды

Google әлемдегі ең ірі екінші компания атанды

Google компаниясының акцияларының құны америкалық биржаларда 1 қазан күні 1 пайызға өсіп, 761,78 долларды құрады. Ал Microsoft-тың бағалы қағаздары 1 пайызға арзандап, 29,49 доллар болып отыр. Bloomberg агенттігінің есептеуінше, осыдан кейін іздегіш гигант Билл Гейтстің компаниясын нарықтық капитал көрсеткіші бойынша басып озды. Google осылайша Apple-дан кейінгі екінші ірі технологиялық компания атанып отыр.

1 қазандағы мәліметтер бойынша, Google-дың нарықтық капиталы 249,9 млрд доллар болған. Microsoft компаниясында бұл көрсеткіш 247,2млрд доллар болса, Apple-да бұл 618 млрд долларды құраған.

2012 жылдың басынан бері Google-дың акциялары 18%-ға өссе, Microsoft-тікі 13,6%-ға артты. Дегенмен бес жыл бойы Microsoft-тың бағасы көзге көрінерлік өзгеріске ұшыраған жоқ. Есесіне Google 34%-ға қымбаттады.

Билл Гейтстың акцияларының бағасы рекордтық нүктеге (бір бағалы қағаз - $58) ғасырдың басында жеткендігін айта кетелік.

Басқа компаниялардың күрт дамып, ірі бәсекелеске айналуының себебінен инвесторлардың көңілі Microsoft-қа бұрынғыдай аумайтын болды. Бағдарламалық қамсыздандырумен айналысатын компания бөгде салаларға да басын сұғып көргенімен, көшбасшылыққа жете алмады. Мәселен компанияның Bing іздегіші нарықтың 14% пайызын ғана айналасына үйіріп отыр. Айта кетелік, Google-дың аталған сала бойынша көрсеткіші 64%.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: htmlblog.kz