Балуан Шолаққа қарсы тұрған батыр кім?

Балуан Шолаққа қарсы тұрған батыр кім?
Фото: thepictaram.clu

Өткен күннің естеліктері көп. Ол нақты деректермен хатқа түссе тарих, ауыздан-ауызға тарап осы күнге жетсе аңыз деп баламаланып жүр. Қазақтың мақтанып айтар батырлары, балуандары, композиторлары, ақындары, домбырашылары, әншілері, серілері көп. Бірақ осы жеті өнердің барлығы бойына дарыған нағыз сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалар аз. Қажымұқан, Балуан Шолақтардай алыптармен алысып, бозкілемде жауырыны жер иіскемеген даңқты бабаларға қайрат көрсеткен қазақтың батыр ұлы жайлы баяндамақпыз.

Қоянды жәрмеңкесінде қазақ даласының түпкір-түпкірінен жиналған халықтың қарасы көп. Бір аймақта бірнеше адам жиылып, ортадағы екеудің сөзін тыңдасып тұр. Елді дүрліктіріп, барлығын аузына қаратып тұрған бұл кім болды екен деп топқа қосылған адам көбейе бастады. Қалың қазақтың назарын өздеріне аудартып, көк аспанды төндіріп тұрған көк көзді екі орыс офицері екен. Бір уақытта қолдарына тапаншаларын алып, нысанаға жапсырылған суретке кезек-кезек оқ жаудыра бастады. Жұрт дүрлігіп кетті. «Бұл не сурет болды екен?» деп үңілгендердің көзі шарасынан шығардай болды. Кенесарының суреті екен. Қарқ-қарқ күліп екі офицер қараша халықты мазақ қылып тұр. Орысқа қарсы шықсаң, бәлеге қалдым дей бер. Заман басқа.

Екі орыс сол қылығына айызы қанып тұрған сәт еді. Ортаға ұзын бойлы, алып тұлғалы қазақ жігіті шықты да қарудан қаймықпастан екеуін жағадан алып, екі жаққа лақтырып жіберді. Бірер минут бұрынғы іштегі өртеніп тұрған дүлейі басылғанына рахаттанып, екеуін әбден сабап болғаннан кейін әлгі жігіт топтан шығып, із суытып үлгерді. Халық та батырын жасырып қалуға күш салды. Осы оқиғадан кейін бұл азаматтың ерлігі ел-елде насихатталып, есімі жаттала басталды. Кенесарыны мазақ қылған екі орысты орнына қойған азамат Кенесарының көтерілісіне қатысып, белсенді топ мүшесі болған Құтпанның ұлы еді. Иманжүсіп Құтпанұлы.

1863 жылы бүгінгі Павлодар облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген бабамызға жоғарыда айтқандай, бірнеше өнер дарыған. Жастайынан жырға, сал-серілер өміріне, саятшылыққа, күреске, ақындыққа, шешен сөйлеуге құмартқан Иманжүсіп Құтпанұлы тарихта өшпес ізін қалдырды. Біржан сал мен Ақан серінің, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәдидің әндерін нақышына келтіре орындағанда тыңдаушының құлақ құрышын қандырған. Өзінің әндері Арқа және Жетісу өңірінде кеңінен таралып, халық арасында шырқалды. Кейіннен кең ауқымды әндері күллі қазақ даласын тебірентіп, қыр қазағын тәнті етті. Жас буынға да Иманжүсіп әндері өзгеріссіз жетті. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орындауындағы әншінің әні де мұрағатта бар.

Иманжүсіп Құтпанұлы Балуан Шолақ, Қажымұқан балуандардың даңқы әлемге тараған дәуірде өмір сүрді. Тіпті, сол тұлғалармен жүздесіп, дәм-түздас болған адам. Балуан Шолақ пен Иманжүсіптің бір-бірін алғаш көрген кездегі оқиғаның өзі көңілге ерекше сезім силайды.

Аты алысқа кеткен екі алып бір-бірін сырттай танитын еді. Олар жайлы мадақ та, күш сынасуларындағы ерліктері де қатар айтылып жүрді. Бір күні сол Қоянды жәрмеңкесінде екеуі бір-бірін алғаш рет жолықтырды. Күрес өнерінде Балуан Шолаққа қарсы тұрса сол Иманжүсіп тұрады деп қарапайым халық жиі айтатын. Бұны сырттай естіп, біліп жүрген Балуан қарсыласын сынамаққа бел буды. Салт атпен тура жанынан өтіп бара жатқан Иманжүсіптің астындағы атының қыл құйрығынан тас-түйін қылып шап берген Балуан бір білегімен ұстап қалады.

Бір жылқының күшіне қарсы тұрған Балуанның білегі жануарды тырп еткізбестен жібермей тұр. Сонда қамшысын үйіре көтерген Иманжүсіп қаһарын төкті. Балуанның ойы қарсыласы қамшыны өзіне бағыттағанда бірден тап беріп, одан айласын, күшін асыру. Осыны бірден сезген Иманжүсіп көтерген қамшысын Балуанға емес, астындағы атының сауырына салып қалады. Шыңғыра тебініп, бар күшімен орнынан қозғалған жануар Балуан Шолақты арқан бойы жылжытып кетеді. Сонда артқа бұрылып, Балуанға айтқан жыр мынадай:

Алаштың арда ұлысың,
Бөлек таудай ірісің,
Шамырқандың кім үшін?
Айласын тауып дұшпандар,
Біржолата мұқалтпақ,
Біріне бірін қайрап сап,
Қазақтың екі қылышын.
Азаттық атты арманға,
Жете алмай жүрген алысып,
Азбыз ғой біздер жалғанда,
Бәсеке болып өзара
Қырқысып жатсақ екеуміз,
Артыңдағы еліңнің
Не боларын күні ертең
Білетін ердің бірісің! - дейді. Балуан Шолақ та сөз қадірін кетірген адам емес: 

Замандасым, сыңарым,
Даңқыңды есітіп өзіңді
Келіп еді сынағым.
Елдің мұңын толғаған
Бұл сөзіңді ұғамын.
Келші бері құшақтап
Бірдей болсын ұраным! - депті. Осыдан кейін екі балуан айқара құшақ ашып, төс қағыстырып сол күні ел ішінде болып жатқан жағдай жайлы біраз әңгіме айтысыпты.

Батырлар арасындағы дәл осындай оқиғалар жас буын арасында кеңінен насихатталуы керек. Сол кезде батырлардың ізін жалғар азамат табылады. Табылып та жатыр. Оған дәлел, былтыр ғана Қытайда өткен жекпе-жекте екі қазақ жігітінің бір-біріне қол жұмсамай жекпе-жекті аяқтағаны. Иманжүсіп Құтпанұлы әлемнің небір балуандарынының жауырынын жер иіскеткен Қажымұқан Мұңайтпасовпен де бірнеше рет кездесіп, жақсы араласқан. Ол оқиғаларды алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

А. Қажиев