Тұңғыш роман жазылған ауыл

Қазақтың тұңғыш романы "Бақытсыз Жамал" Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Қуаныш ауылында жазылған.

1910 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Міржақып Дулатовтың туындысы қазақ шығармаларының ішіндегі ойып алар орны бар тұңғыш роман. Қазан қаласының баспаханасынан шыққан туынды 1914 жылы екінші мәрте тағы басылып шыққан. Сол тұстағы жартылай сауатты қазақ қоғамының көңілінен шыққан бұл шығарма оқи білетін азаматтардың барлығының қолынан табылды. Әріп танымайтындары оқи білетіндерге оқытып, шығарманың таралу аясын кеңейтті. Сол заманның актуалды мәселесіне айналған әйел теңдігі туралы жазылған оқиғалар барлық оқырманның көзіне жас үйірткен.

Әңгімеге арқау болған Қуаныш ауылы - Кеңестік дәуірдегі Зайсан уезінің ең беделді ауылдарының қатарында болған. Уездегі ең алғашқы мектеп, мешіт және тұңғыш тұрғын үйлер осы ауылда тұрғызылған. 1861 жылы Ресейде басыбайлы құлдық жойылғаннан кейін, орыс мұжықтары қазақ даласының шұрайлы, ең жайлы қоныстарына орналасады.

Шығыстағы Найман және Керейдің біраз рулары қоныстанып отырған өлкеден көшпенді халықты ит байласа тұрмайтын құмды, суы жоқ мекендерге ығыстырады. Жаз жайлауы туған өлкеден алыстап қалған тұрғындар көшіп-қонып жүргенде көптеген әйелдер мен жас балалар суға кетіп көз жұмады.

Осындай қорлыққа ыза болған ауыл ақсақалдары бас көтеріп, басшылықтан бұрынғы ауылды қайтарып беруді талап етеді. Уезд басшысы арыз-шағымдарды қарап, бытырап жатқан қыстауларды біріктіріп, мектеп, мешіт ашсаңдар өлкеге қайта орала аласыңдар деп шарт қояды. Бірден жұмысқа кіріскен ауыл тұрғындары осы тапсырма төңірегінде көптеген жұмыс тындырады. Мектеп ашып, сол мектепке мұғалімдік қызметке Семей қаласынан Міржақып Дулатовты шақырады.

Алаш арысы ұстаздық қызметпен қатар шығармашылықты қатар алып жүргені барлығына мәлім. Осы ауылдағы халық аузындағы әңгіме бойынша Қуаныш ауылынан Зайсанға жолға шығып, жарты жолда мерт болған Жамалдың тағдырын туындыға айналдырады.

Кеңестік кезеңде қазақ балаларының сауатын ашқан мектеп қабырғасы қазіргі күнде төмпешікке айналған. Қазақ зиялыларының тәлімі мен тәрбиесін бойына сіңірген бұл мектептің оқушылары өсе келе қазақ қоғамына қызмет етіп, қайраткердің шығармашылық жолын жалғағандары да бар.

Дайындаған: Аслан Қажиев