- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Танымал логотиптер сыры...
Танымал логотиптер сыры
Логотип — компанияның айнасы саналады. Бұл тек символ емес, біз ойлағаннан салмақты жүк арқалайды. Сәтті логотип брендке айналып, тұтынушылар санын арттыратыны сөзсіз. Ал, тұтынушысы көп компания құлдырауға жиі ұшырамайды. Одан бөлек әр компанияның белгісі астарында өзіндік бір сыр жасырынып жатады. Бүгін сіздерге ұзақ жылдан бері өзінің нақты бір атын қалыптастырған логотиптер мен құрылғанына көп болмаса да, нарықтағы брендке айналған белгілерді тізімдейтін боламыз.
Vaio
Ең алғаш Sony компаниясының құрамында болған Vaio 2014 жылы JIP деген атпен жеке компаниясын ашып өнім өндіре бастады. Көптеген мықты әрі жаңа компьютерлерді шығаруға арналған компанияның логотипіндегі алғашқы толқын аналогты дабыл бейнесін суреттесе, соңына қойылған бір мен нөл цифрлі дабыл болып табылады.
Toyota
Жапониялық ең үлкен автокөлік шығарушы компаниялардың бірі Toyota ескі логотипін қалдыруды көздеген екен. Ең алғаш тігін машиналарын шығарған компания кейіннен автокөлікке қарай ауыса бастаған. Ал белгіге жақсылап қарасаңыз, "Т" деген әріпті бейнелеп тұр.
Continental
Continental компаниясының логотип таңдаудағы ұтымды тұсы "С" және "О" әріптерінде. Өйткені, автокөліктің дөңгелектерін шығаратын болғандықтан, дәл осы таңдау ешкімнің ойына келмеген тың идея болған. Логотипке жақсылап мән берсеңіз, өзі-ақ айтып тұр.
Hyundai
Көп адам ең бірінші логотипті көргенде "Н" әріпіне ұқсатып, басына бірден компания атауының алғашқы әріпі екен деген ой келеді. Алайда, мұнда тұтынушы мен сатушы арасындағы қол алысу сәті бейнелеген.
Formula 1
Formula 1 компаниясының логотипіне жақсылап назар аударсаңыз, "Ғ" әріпі мен қызыл тудың арасынан ақ түсті бір санын көре аласыз. Қазіргі таңда брендке айналған осы бір логотиптің бар құпиясы осында жатыр.
B. ZHAQSYMBET