- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Өрмекшілер туралы не...
Өрмекшілер туралы не білеміз?
Орманды аралап келе жатып бұтақтан бұтаққа керілген жібек тәрізді жіңішке жіптерді көруге болады. Бұл – өрмекшінің құрған торы. Сәл көз тоқтатсақ өрмекшінің өзін де байқаймыз. Оның арқа жағында крест тәрізді белгі бар екен. Бұл – кресті өрмекші, анығырақ айтқанда, оның аналығы. Ал одан дене мөлшері кішірегі – жапырақтың астыңғы бетінде жасырынып отырғаны – аталығы. Ол өрмек торына жақындамайды. Егер жақын келсе аналығы оны жеп қоюы мүмкін.
Өрмекшілердің құрсағында кішкене ғана бүршіктері – өрмек сүйелдері болады. Оның әрқайсысындағы түтік тесіктерден ауада жіп түрінде қататын сұйық шығады. Мұндай жіптердің атқаратын қызметі көп.
Өрмекшінің кейбір түрлері туған жұмыртқаларын салатын «жөргек» - шүйкелер тоқиды. Жұмыртқадан кішкентай өрмекшілер шыққанда олар өрмек жіпшелерін ұя ретінде пайдаланады.
Кейде жіпше жоғары шығып, төмек түсуде өрмекшіге баспалдақ қызметін атқарады. Немесе өрмекші мен өрмекті жел айдап ұшырған кезде өрмекшінің қоныс аударатын жайлы «самолеті» болып табылады.
Кейбір өрмекшілер өрмек жіпшелермен өздері мекендейтін індерінің ішін астарлайды. Ал өсімдігі қалың өскен тоспалар мен баяу ағатын өзендерді мекендейтін су өрмекшісі өрмек жібінен су астындағы күмбез сияқты үйшігін жасайды. Үйшікті жасау мүмкіндігіне қарай оны өрмекші ауамен толтырады. Су өрмекшісі денесін жауып тұратын нәзік түкшелерімен ұсақ ауа бүршіктерін алып келеді. Сөйтіп, өрмекшінің бүкіл денесін ауа бүршігі қаптап тұрғандықтан ол суда жарқырап көрінеді. Оның өрмектен істелген үйі де ауа бүршіктерімен жарқырап тұрады. Ауаның осындай қорының арқасында өрмекші су астында ұзақ уақыт бола алады.
Өрмекшінің өрмек жібі өте мықты болады. Оңтүстік Америка тұрғындары бұтақтан кергі жасап, оны жапырақпен қалқалайды да, түнде орманға қойып кетеді. Ертеңгісін кергіде балық ұстауға жарайтын өрмекші торы дайын тұрады. Оны тоқитын – ұзындығы 10 сантиметрге дейін жететін түкті алып өрмекші.
Өрмекшінің тордан басқа да күшті қаруы бар, ол оның – мықты жақтары. Жағында улы бездерінен бөлінетін у келетін қуысы болады, ол ине тәрізді өсіндіге жалғасады.
Өрмекшілер мен өрмекші тәрізділер Жер шарының барлық түкпір-түкпіріне таралған. Оларды тропик аймақтардан да, тундрадан да күн қақтаған шөл далалар мен биік таулардан да кездестіруге болады. Олардың бәрі де насекомдармен, әсіресе зиянды насекомдармен қоректенеді. Соларды құрту арқылы адамға пайда келтіреді.
Ж. Исакаев