- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қызық та беймәлім...
Қызық та беймәлім аралар өмірі
Балды жақсы көрмейтін адам аз шығар. Омартаға бал әкелетін бал арасы екені белгілі. Осы кішкентай бал арасы қанша бал тасуы мүмкін? Өйткені бір омартадан ондаған килограмм бал алынады. Бір келі балға айналатын гүл шырынын жинау үшін бал арасы 300 мың шақырым ұшып, сол кезде 19 миллион гүлге қонуы керек екен.
Әрине, мұндай жұмысты бір бал арасы бүкіл ғұмыр бойы атқара алмайды. Жұмысшы ара небәрі 30-35 күн ғана өмір сүреді. Бал арасы өте еңбекқор жәндік. Бір бал арасы сағатына 6,5 км жылдамдықпен ұшып, бір жұмыс күнінің ішінде шамамен 7 мың гүлге қонады.
Оның барлық органдары гүлдеген өсімдіктердің шырынын жинауға бейімделген: артқы аяқтарындағы арнайы щеткалары мен себетшелері арқылы тозаң жинайды әрі оны тасымалдайды. Ұзын тұмсығымен гүл шырынын сорады, жемсауында гүл шырыны балға айналады, тіпті тапқан шырынды өсімдікті біріне бірі хабарлайтын күрделі хабарлауыш жүйесі де бар.
Ал, осы бал арасына осыншама бал не үшін қажет? Бал – олардың қыстық азығы. Өйткені бал аралары қыста ұйқыға кетпейді. Желтоқсан немесе қаңтар айларында өсімдіктер гүлдемейтіні белгілі. Міне, сондықтан жаз бойы еңбектенеді, осылай қажетінен әлдеқайда артық қор жиналады. Ол өздеріне де, адамдарға да жетіп жатыр. Бұдан басқа балауыз ұяшықтарында болашақ аралар, яғни дернәсілдер болады. Ересек аралар оларды да балмен және гүл тозаңымен қоректендіреді.
Бал жинайтын аралардың бір мезгілде балды балауызға құйып әрі дернәсілдерді қоректендіруі мүмкін емес. Аралар өздері де олай істемейді. Оларда еңбек түрі қатал: біреулері тамақ тауып ұяға әкеледі, екіншілері оны алып балауызға құяды, үшіншілері балауызды тазартады, төртіншілері қанаттарымен ұяны желдетеді, бесіншілері "күзетшілік" қызмет атқарып, ұяның есігін бағады және жауларын ішке кіргізбейді, алтыншылары дернәсілдерді тамақтандырады. Осының барлығын жұмысшы аралар атқарады.
Тек қана аналық аралар ешқандай жұмыс істемейді және өзіне әрқашан да күтім жасауды талап етеді. Ұяда жалғыз сол ғана кейін жас аралар өсіп шығатын жұмыртқалар салады.
Ж. Жұмағұлов