Жер бетіне құлаған ірі метеориттер #2

Жер бетіне құлаған ірі метеориттер #2
Фото: LuxFon.com

Ғайыптан келген алып ғаламшар тастары мыңдаған жыл бойы жер бетінде білінбей-ақ жата беруі мүмкін. Алайда қазіргі уақытта бұл «темір тастарды» – метеориттерді табу да, зерттеу де оңай шаруа. Сонымен, Жерге құлаған ірі космос кометалары туралы баянымызды жалғастырмақпыз. 

Бакубирито

Жер бетінде жатқан төртінші ірі метеорит – Мексикадан табылған Бакубирито. Салмағы – 20-22 тонна. Негізгі құрамы темірден тұрады. Бакубирито метеоритін 1893 жылы геолог Гилберт Эллис Бейл тапқан. Геологты Мексикаға «Interocean to Central and South America» журналы іссапарға жіберген. Қазіргі уақытта Мексикадағы Centro de Ciencias de Sinaloa ғылым Орталығында сақтаулы тұр.

Эль Чако

Бұл үлкен қара тас жер бетінде анықталған ірі метеориттердің санатында екінші орында тұр. Яғни, Эль Чако әлемдегі екінші ірі метеорит. Ол Бакубирито метеоритінен екі есе ауыр – 37 тонна. 1969 жылы табылған. Алып метеорит Жерге қатты қарқынмен түскен тәрізді. Өте үлкен кратер жасап үлгерген. Сондықтан оны табу үшін де арнайы металл іздеуші детекторды қолданған. Айтпақшы, бұл метеоритті Роберт Хааг есімді «ұры» алып қашпақ болған. Алайда жергілікті аргентин полицейлері «ұрыны» ұстап алды. 2016 жылы Эль Чако табылған жерден тағы да 31 тонна тартатын метеорит табылған. Бұл – Эль Чаконың бір сынығы, бөлшегі. Соған қарағанда Эль Чако Мыс Йорк метеориті тәрізді жерге шашырап түскен болуы керек.

Гоба

Ал Жер бетінде табылған метеориттердің ішіндегі ең үлкені – Гоба. Бұл гигант тас 1920 жылы Намибияда табылған. Фермердің қарамағындағы жерден табылған. Әлі де осы жерде. Ешқайда апарылған жоқ. Гобаның салмағы Эль Чакодан екі есе ауыр – 66 тонна. Ол, шамамен, 80 000 жыл бұрын құлаған. Метеориттің сыртқы формасы тіктөртбұрышқа ұқсағандықтан, топыраққа аса тереңдеп түспеген. Сонымен қатар, Гоба әлемдегі ең үлкен темір қоспасы саналады. Мұндай темірдің табиғи ірі қорытпа-қосындысы әлемде жоқ. 1955 жылы Гоба метеоритіне Оңтүстік-Батыс Африка билігі ұлттық ескерткіш мәртебесін беріп, қорғауға алған. Ал 80-жылдары метеорит пен оның жатқан жері мемлекетке берілген. 

М. Ақан