Жер бетіне құлаған ірі метеориттер

Жер бетіне құлаған ірі метеориттер
Фото: www.planetanovosti.com

Жерге бағытталған космостық объектілер, әдетте, атмосфера қабатында жанып кетеді. Алайда кейбір ірі космостық нысандар атмосфераның бұл қорғаныс қабатын бұзып өтіп, жердің өтіне келіп құлайды. Космостан келген кез келген келімсек жер жаһанға өзінің зиянын тигізбей қоймайды, әсіресе, астероидтар мен метеороидтар Жер тағдырын түбегейлі өзгерте алады. Мәселен, жер бетіне осыдан 65 млн жыл бұрын құлаған астероид жердегі барлық тіршілік атауын жойып жіберді, оның ішінде динозаврлар әулеті де бар еді. 2013 жылы да мұндай тарихи эволюция қайталануы мүмкін еді, алайда 2012 DA14 атаулы космостық нысан Жерден 27 743 км қашықтықта айырылып құлаған. 

Дегенмен де жер бетінде әртүрлі уақытта құлаған метеориттер әлі күнге дейін сақталған. Ендеше, табылған космостық тастардың кейбіріне тоқталып көрейік. 

Уилламетт 

Уилламетт – АҚШ-та табылған ең ірі метеорит. Оның салмағы – 15,5 тонна, ал ауданы – 7,8 м2 . Бұл метеорит жерге 1 млрд. жыл бұрын құлаған екен. Метеоритті 1902 жылы Уэльс эмигранттары мен шахтер Эллис Хьюз тауып алған. Мұның жай ғана тас емес екендігін байқаған «жігіттер» оны үй-жайларына апаруға тырысқан, оны тасуға 3 ай уақыт кеткен. Кейін бұл «пысықтар» космостық келімсекті көруге келгісі келген адамдардан 25 цент алып тұрған. Алайда Орегон болат құю компаниясы метеоритті алу құқығына ие болды.

Ал 1906 жылы жеке кәсіпкерлер 26000 АҚШ долларына сатып алып, Нью-Йорк қаласындағы жаратылыстану тарихы музейіне табыстаған.

Мбози

Бұл метеорит 1930 жылы Танзанияда табылған. Салмағы – 25 тонна, өлшемі – 3 метр. Бұл темір тас Танзания тұрғындарының қасиетті тотеміне айналған. Мбозидің кратері табылмаған, соған қарағанда ол жерге қиғашынан құлап, домалап барып қазіргі мекеніне жайғасқан тәрізді. Талдау дәлелдегендей, Мбози құрамының 90%-ы темірден тұрады екен. Ал 8 пайызы – никель, қалған бөлігі – күкірт, мыс, фосфор.

Мыс Йорк

Мыс Йорк метеориті – көлемі жағынан үшінші метеорит. Жерге 10 000 жыл бұрын құлаған. Олжа Гренландияда табылған. Бұл метеорит жерге құлап бірнеше бөліктерге бөлініп шашырап кеткен. Оның үлкен бөлігінің салмағы – 31 тонна болса, қалған тағы екі бөлігінің салмағы – 3 тонна және 400 кг. Жалпы метеорит сынықтарының салмағы 58,2 тоннаны құраған. Аталған метеорит жайында алғаш 1818 жылы сөз қозғалған. Шотланд теңіз саяхатшысы Джон Росс Солтүстік теңіз жолдарын іздестіру барысында жергілікті эскимостардың қару-жарақтары, тұрмыс құралдары темір тәрізді металдан құйылғанын байқайды. Эскимостар бұл металды «темір тауынан» алғандығын айтқанымен, оның қай жерде екендігі жайында ақпарат бере алмаған (көпшілігі ұмытып қалған). Саяхатшы металдың бірнеше ұсақ бөлігін Англияға алып кетеді. Зерттеушілер пайдалы қазба түрлеріне қарағанда бұл «тастың» құрамында өте көп мөлшерде никель кені бар екендігін анықтайды. Беймәлім «темір тасты» іздеу ұзақ уақытқа созылған, оны тек 1894 жылы америкалық зерттеуші Роберт Пири тапқан. Кейін оны кемемен Америка жаратылыстану тарихы музейіне әкелген. Метеориттердің қалған 20 тоннаға жуық бөлшек сынықтары 1911-1984 жылдар аралығында табылған. Қазірде олар Копенгаген Университетінің Геология музейінде сақтаулы тұр. 

М. Ақан