- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Айсберг деген не?...
Айсберг деген не?
«Айсберг» сөзінің қазақ тіліндегі мағынасы «мұз тау» дегенді білдіреді. Бұл – шынында да теңізге жылжып түсетін алып мұздықтардан пайда болған мұз таулар. Бір шеті теңізге иек арта орналасқан алып мұздықтар теңіс суының толысуы немесе жел мен су әсерінен мүжіле-мүжіле омырылады да, гүрс етіп суға құлайды. Бұл аумағының негізгі бөлігін суға жасырған алып мұз таулар жел мен ағыс айдауына түсіп ұзақ сапарға шығады. Ол жол-жөнекей бірте-бірте ериді, соның салдарынан кейде аударылады да.
Айсбергтің ұзындығы 1-2 км, ал ені жарты километрден аспайтын шағыны да болады. Сондай-ақ ұзындығы бірнеше ондаған километр, биіктігі 100 метрден асатын алып айсбергтер де кездеседі. Айсбергтің отаны Арктика мен Антарктиданың мұздықтары болып саналады.
Мұхитта айсбергтермен ұшырасу өте қауіпті. Өйткені, оның су астындағы көрінбейтін бөлігі су бетіндегісінен бірнеше есе үлкен болады. 1912 жылы Америкадан Еуропаға қарай сапарға шыққан «Титаник» атты үлкен жолаушылар кемесі қалың тұманда айсбергпен соқтығысып суға батып кетеді.
Алайда Антарктида айсбергтерінің «Юрий Долгорукий» атты кит аулау кемесіне пайдасы тиген сәті де болған. Таудай толқын атқан теңіз дауылы теңізшілердің ауланған балықты рефрижераторға ауыстырып тиеп, танкерден жанармай алуына мүмкіндік бермейді. Осы кезде «Юрий Долгорукийдегі» теңізшілер қатар тұрған екі айсбергті көреді. Мұз таулардың арасы теңізге қарағанда әлдеқайда тымық болатын. Теңізшілер айсбергтердің арасындағы ыққа тұруға тәуекел етеді, сөйтіп қажетті тиеу және жанармай алу жұмысын жүзеге асырады.
Ғалымдар айсбергтің болашақта адам баласына тигізер пайдасы мол болмақ деп есептейді. Шындығында, планетамызда таза тұщы су көзінің тапшылығы барған сайын байқалуда. Ал айсбергтер дәл сондай тұщы судың қайнар көзі. Ғалымдар айсбергті сүйреп әкеп, ірі қалалардың жанындағы гаваньдарға «якорьмен» тоқтатуға болмас па екен деп жорамал айтады. Ондай жағдайда айсберг суы миллиондаған адамдарды тұщы сумен қамтамасыз етер еді...
Ж. Жұмағұлов