Антарктидадан аса ірі айсберг бөлініп шығады

Антарктидадан аса ірі айсберг бөлініп шығады
Фото: GoGetNews.info

Антарктида мұздарынан жақын арада ғаламат ірі айсберг сынып шығады - дейді ғалымдар. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Ғалымдардың сөзіне қарағанда, бұл мұзтау тарихтағы ең ірі он айсбергтің бірі болмақ. Оның көлемі шамамен 5 мың шаршы километр. Бұл Алматы аумағынан жеті еседен аса үлкен.

Мұзтау «Ларсен С» деп аталады. Ол мұхитқа сұғына шыққан, бұрын үш бөліктен тұрған Ларсен атты мұздықтың бір бөлігі. 1995 және 2002 жылдары «Ларсен А» мен «Ларсен В» суға кетті. Ғалымдардың айтуынша, оған себеп – жаһандық жылыну. «Ларсен В» айсбергінің аумағы 3250 шаршы километр болатын, ол небәрі 35 күн ішінде еріп, жоқ болды.

Желтоқсанда  мұздықтағы ені 100 метр, тереңдігі 500 метр болатын жарықтың суреті жарияланды. Қазір жарықтың мұхитқа жетуіне 20 километрдей қалды, ол мұхитқа жеткен кезде аумағы 5000 шаршы метрлік мұзтау бөлініп шығады. Желтоқсанда мұз 18 километрге жарылған екен.

syzat-karta-adrian-luckman

2017 жылдың қаңтарындағы мәліметтер бойынша жарықтың мұхитқа жетуіне 20 километр қалды. Фото Алан Лакмен

Полярлық мұздықтардың еруін зерттейтін Мидас жобасының жетекшісі профессор Алан Лакмен алдағы бірнеше ай ішінде айсберг сынып болады дейді. Оның ойынша, мұздықтың бұзылуы тікелей жаһандық жылынуға байланысты емес. «Ларсен С» мұздығының жарылып жатқанына көптеген жыл болды, алайда бұл процесс соңғы жылдары тездеді. Кей есептер бойынша, «Ларсен С» толықтай су астына кеткенде теңіз деңгейі 10 сантиметрге көтерілуі мүмкін.

syzat-nasa

Жарықтың ені 100 метр, тереңдігі 500 метр. Фото НАСА

larsen-v-spl

«Ларсен В» мұздығының сынуы: Төменде оң жақта — бүтін мұздық, жоғарыда сол жақта — оның орны. Фото SPL

Дереккөз: egemen.kz

Ө. Сансызбай