- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемдегі ерекше бассейндер...
Әлемдегі ерекше бассейндер
Жаз маусымының бір қызығы – бассейн. Алғаш бассейн пайда болғалы бері оның да түр-түрі шықты. Мысалы, ең терең, ең ерекше деген секілді. Оқып көрейік...
Әлемдегі ең терең бассейн Бельгиядағы Уккел қаласында салынған. Мұнда тереңдігі 5 және 10 метрден асатын екі үлкен платформа бар. Ал оның диаметрі 35 метрге жетеді. Бассейн ваннасы 2500 кубметрлік хлорсыз тұщы сумен толтырылған. Оның қабырғасы әйнектен жасалған. Көрермендер сол әйнек арқылы су астындағы жүзушінің әрекеттерін бақылап тұра алады. Кешенді ойлап тапқан - бельгиялық шебер Джон Бирнаертс. Бассейннің ашылуы 2004 жылы өтті. Сол уақыттан бері мұнда бірнеше фильм мен бейнебаяндар түсіріліп үлгерген.
"Шомылуға арналған кеме"
Келесі бір ерекше бассейніміз – жүзгіш бассейн. Иә, иә, жүзгіш! Адамдардың бассейнде жүзгенін талай рет көрсеңіз де, бассейннің жүзіп жүргенін кезіктірмеген боларсыз. Ал германдықтар ондай бассейнді күн сайын тамашалап жүр.
Берлин қаласындағы «Бадешифф» бассейнінде аптапты ыстық күндері халық өте көп жиналады. «Бадешифф» сөзін біздің тілге аударар болсақ, «шомылуға арналған кеме» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, бассейн қонақтар мен тұрғындарға өздерін өзенде жүзіп жүргендей сезінуге мүмкіндік береді.
Берлин қаласынан ағып өтетін Шпрее өзені өте лас және қауіпті. Алайда, аталған бассейнде шомылатын болсаңыз, ешқандай кедергісіз сергіп шығуға болады. Сюзанна Лоренцтің басшылығымен ашылған кешен 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оның бұл бассейнді ойлап табудағы мақсаты – қалалық өмірге жан бітіру және ластанып жатқан Шпрее өзеніне халықтың назарын аударту екен.
Бассейн тереңдігі – 2 м, ал диаметрі 8-32 м аралығында. Кешен таңғы сегізден түн жарымға дейін қызмет көрсетеді.
Ең бастысы, «Бадешифф» қыстың суық күндерінде де жұмыс жасай береді. Салқын күндері бассейннің төбесі жабылып, іші жыли түседі. Мұндай күндері арнайы ұйымдастырылған сауналарға бас сұғып, шағын кафелерде тамақтануға да болады.
Г. Берік