Ғалымдар дүниежүзіндегі жасы ең үлкен тіршілік иесін тапты. Шамамен, 5 мың жыл өмір сүрген. Тіпті, одан көп болуы мүмкін. Бұл не десеңіз, бұл кәдімгі – қарағай. Нақтырақ айтсақ, сағызқарағай. Чили елінен таудан табылған.
Ағаш діңгегінің диаметрі – 4 метр. Қарағайдың өзі тірі болғанымен, көп бөлігі шіріп кеткен. Бетін қына мен мүк басып қалған, айналасы талмен, ағашпен шырмалып жатыр. Кейбірі қарағайдың тамырына тамыр жіберіп, тереңге кеткен. Бұлардың бір жағынан алып ағашты жел мен ыстықтан қорғауға септігі тиеді.
Чили ғалымдарының айтуынша, гигант-қарағайдың жасы кем дегенде 5 мың жыл. Одан да асып кетуі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, статитистикалық модельдеу тәсілімен ағаштың жасын есептегенде, 5484 жыл боп шыққан. Мұны ғалымдар Париждегі зертханада қарап, компьютерлік есеп пен дәстүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы есептеп шыққан. Егер ғалымдардың тұжырымы рас болса, онда Чилидегі бұл қарағай – әлемдегі ең қарт тіршілік иесі, ең қарт ағаш болмақ.
Мәселен, бұған дейін ең қарт ағаш деп саналған Калифорниядағы Мафусаил қарағайы 4853 жаста.
Мафусаил
Ал зерттеушілер мына қарағайға Гран-Абуэло («Ата-баба») деп ат қойған екен. Осыдан 5 мың жыл бұрын дүниедегі адамзат енді жазу ойлап тауып, өркениет игере бастаған кез. Ағашты өмір жасы сол кезден басталады.
Қарағай таудың қалтарыс жырасында өсіп тұр. Ылғалды жер. Өрт пен найзағайдан аман қалуына да осы әсер етсе керек.
Ғалымдар әзірше ағаштың, оның ішінде қарағай тұқымдас ағаштардың неге сонша ұзақ жасайтынын түсіндірер дәлел таппай отыр.
Ал әзірше әлемдегі ең қарт жануар 190 жастағы Джонатан есімді тасбақа.