- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлем халықтарына таныс...
Әлем халықтарына таныс 7 наным-сенім
Наным-сенім мен ырымдар – ертеден келе жатқан рухани түсініктердің бірі. Алғашқы кезде адам баласының наным-сенімі олардың кәсібіне және қоршаған ортасына байланысты болған.
Бүгінде әр елдің өзіне тән ұлттық санасымен астасып жатқан ырымы мен наным-сенімдері бар. Біріне кейде иланып қалсаң, енді біріне күле қарайсың. Дегенмен, наным-сенім мен ырымның арғы жағында белгілі бір тәрбиелік мән де болады. Кейде аңызға құрылған болып та келеді. Ғылым тілімен айтқанда, адамның белгілі бір мәліметтерді, құбылыстарды, ойлар мен көзқарастарды, пікірлерді еш күмәнсіз қабылдап, мойындауында көрінетін психиканың ерекше күйі.
Қазақ халқы да ырым-тыйымға кенде емес. Дегенмен бүгін заманауи, болмаса әлем халықтарына таныс наным-сенімдер туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз. Бәлкім, бұлар туралы сіз де естіген боларсыз. Себебі бұл наным-сенімдерді күнделікті өмірді қолданатын жандарды жиі кездестіреміз.
Жолыңды қара мысық кесіп өтсе...
Қара мысық – әлем түсінігінде жақсы мәнге ие емес. Тіпті орта ғасырларда қара мысықтарды «әзәзілдің сыйбайласы» деп сенген. Жойып жібермек те болған. Қара мысықтарды жоямыз деп шуласып жүргенде тышқандар мен кеміргіштер көбейіп, олардан жұғатын аурулар тараған. Ал бүгінде көп халық түсінігінде алдыңнан қара мысық өтсе, жолың болмайды деген түсінік бар. Оған қарсы арнайы нанымы да бар. Мәселен, жолыңды қара мысық кессе, қара түйме ұстау керек, жолдан айналып өту керек, өзгенің өткенін күту керек, жан-жағыңа түкіру керек, т.б. Айта берсең таусылмайды. Тек Ұлыбританияда ғана қара мысықтар сәттіліктің белгісі, ал Шотландияда «есік алдыңнан үйсіз жүрген қара мысықты көрсең – өмірің жақсарады, жұмысың алға басады» - деп сенеді екен жергілікті халық.
Түнде сағыз шайнауға болмайды
Бұл наным туралы естіген боларсыз. Бәлкім, естімеген де боларсыз. Дегенмен әлем халқының көбі бұл туралы біледі екен. Негізінен «түнде сағыз шайнауға болмайды» деген түсінік Түркия елінің аумағында қалыптасқан көрінеді. Олар түнде сағыз адамның етіне айналады деп үрейленеді екен.
Ағаш немесе қабырғаны ұру
Жағымсыз жаңалық, жайсыз хабар естігенде «тфә-тфә өз басымнан ары», болмаса «басқа салмасын» деп ағаш немесе қабырғаны ұрған жандарды көрген боларсыз. Бәлкім бұл нанымға сіз де сенетін шығарсыз. Расында жалғыз сіз ғана емес, әлем халықтарының көбі осылай жасайды екен. О баста бұлай ағашты ұратын болған. Себебі ертеректе адамдар ағашта мейірімділіктің мекені бар деп ойлаған. Олар ағашты тоқылдатқанда біздегі жағымсыз жайды есітіп көмекке келеді деп ойлаған.
Үйде қолшатырды ашуға болмайды
Көп елдерде үйде қолшатырды ашуға болмайды деп санайды. Бұл наным-сенім әлемге Шығыс елдерінен тараса керек-ті. Себебі бұл елдерде қолшатырды жаңбыр кезінде емес, күннен қорғану үшін ұстайды. Сондықтан да үйде қолшатырды ашу – Күн құдайының қаһарын туғызады деп есептейді.
Саусақ айқастыру
Әлем елдерінде бір іс алдында саусақ айқастыру – сәттіліктің белгісі саналады. Жеңіске, жетістікке жетелейді деп есептейді. Кейде өтірік айтқанда саусақ айқастырып тұру деген де наным бар. Бұл - балалық шақтың «ең танымал» наным-сенімі болса керек-ті.
Сағат сыйлауға болмайды
Үлкендер жастарға жақын адамдарыңа сағат сыйламағаның жөн деген кеңестер беріп те жатады. Тіпті, ел аузында үйлену тойына тарту етілген сағат жас жұбайлар некесінің тез бұзылуына алып келеді, бақытты адамдар сағат тақпайды деген сөздер де аз айтылмайды.
Сағат сыйлауға болмайды деген наным-сенім біздерге Қытайдан келген. Осы елдің тұрғындары сыйға алынған сағат – жерлеу рәсіміне шақыру деп түсінеді екен (кімнің екені белгісіз). Ырым біртүрлі естілгенімен, көп халық бұған шүбәсіз сенеді.
Қызыл түс ұстау
Екі адам бір сәтте бір сөзді айтып қалғанда екеуі де жылдам қызыл түс ұстау керек деген де наным бар. Гректерден таралған бұл түсінік бойынша, екі адам қызыл түсті ұстамаса түбі бір жаға жыртысатын көрінеді.
Бұлардан өзге де танымал наным-сенімдер мен ырымдар жетерлік. Мысалы, «есімі бірдей екі адамның ортасына отырсаң тілегің орындалады», «бір іс алдында қырынбай, шаш алмай барсаң жолың болады», т.б бар.
Ал сіз бұл наным-сенімдер туралы естігенсіз бе едіңіз?
О. Сансызбай