Реинкарнация: ақиқат пен аңыз

Реинкарнация: ақиқат пен аңыз

Реинкарнация туралы дау көп. Оны бір топ жоққа шығарса, екінші топ растайды. Ежелгі заманнан бері жан туралы діни, мифологиялық, және философиялық түрлі түсініктер қалыптасқан. Жанның көшуі, жанның ауысуы, жанның пайда болуы мен өзгеруі туралы мифтер көптеген халықтың мәдениетінде сақталған. Бұл түсініктер кейінгі діндердің жан туралы түсінігіне арқау болған.

Реинкарнация дегеніміз не?

Реинкарнация (лат. Reincarnatio) – жанның трансмиграциясы. Оны ғылым тілінде кейде метемпсихоз (ескі грекше μετ-εμψύχωσις жанның көшуі) деп те атайды. Оған сәйкес тірі жанның өлмейтін рухы (кейбір вариацияларда – тек адамдар) бір денеден екінші денеге қайта-қайта көшеді.

Әртүрлі ұлттағы өлмейтін рух – "жан", "тәңір ұшқыны" немесе "шынайы мен" деп аталады. Бірқатар дәстүрлер реинкарнациялардың белгілі бір мақсатты көздейтінін және онда жан эволюцияға ұшырайтындығын айтады. Жанның трансмиграциясы идеясы тек діни жүйелерге ғана тән емес.

Жандардың трансмиграциясына сену ежелгі құбылыс. Этнограф С.Токаревтің пікірінше, бейнелеудің алғашқы түрі тотемизммен байланысты. Кейбір халықтар (эскимостар, солтүстік америкалық үндістер, еврейлер) атасының рухы балаға, немереге немесе сол тектегі басқа өкілдің денесіне ауысады деп санайды. Реинкарнация туралы ілім индуизм, буддизм, джайнизм және сикхизм үшін ортақ құбылыс. Жанның трансмиграциясы идеясын Пифагор, Сократ және Платон сияқты ежелгі грек философтары ілгері сүрді.

Реинкарнация дінде

Реинкарнацияға кейбір заманауи пұтқа табынушылық дәстүрлері, сонымен қатар спиритизм, кейбір африкалық дәстүрлердің ізбасарлары және Каббала, гностицизм мен христиан сияқты эзотерикалық философия ұстанушылары сенеді. Ислам діні құптамайды.

Жанның көшуін арабша "танасух" деп атайды.

Араб тілінде жанның адамнан адамға өтуін "нәсх", өзіне лайық жануардың денесіне өтуін "мәсх", өсімдік пен ағаштарға енуін "рәсх", кендерге түсуін "фәсх" деп атайды.

Рейнкарнация, яғни өлген соң қайта тірілу – дәстүрлі діндердің бәрінде бар. Дегенмен, иудей, христиан және ислам діндерінде бұл құбылыс толық деңгейде көрінбеген, буддизм мен индуизмде ғана рейнкарнация жан-жақты және толық түсіндіріледі.

Реинкарнация бар ма?

Көптеген адамдар реинкарнация аңыз ба, ақиқат па деп жатады. Реинкарнацияның болатынын дәлелдейтін кейбір тәжірибелер, жағдайлар мен деректер бар:

1. Өткен өмірге арналған регрессиялар;

2. Гипноз;

3. Басқа өмірлер туралы естеліктер;

4. Өткен өмірге сәйкес келетін түсініксіз туу белгілерін зерттеу;

5. Парапсихология регрессиясынан кейін басқа тілде сөйлеуге ауысатын адамдар.

Реинкарнацияның кейбір жағдайлары құжат түрінде расталған. Біз солардан бірнеше мысал келтіріп өтейік.

Бірінші оқиға

1926-1987 жылдар аралығында өмір сүрген үндістандық Шанти Деви туралы әңгіме қайта туудың зерттелген жағдайларының бірі. Шанти Үндістанның Дели қаласында жергілікті шенеуніктер отбасында дүниеге келген. Қыз 3 жасқа толғанда, "күйеуім, балаларым бар" деп айта бастайды. Алдымен ата-анасы бұған мән бермейді. Олар мұны баланың қиялы деп есептейді.

Шанти Деви

Бірақ арадан  2 жыл өтіп кішкентай қыз өзінің басқа отбасы болғанын және аты Шанти Деви емес екенін, оның Кадир деген күйеуі бар екенін, басқа қалада тұрғанын, өткен өмірін керемет түрде баяндап, өзі тұрған көшені нақты суреттейді.  Ол Шанти Деви болып дүниеге келерден бір жыл бұрын, 1925 жылы босану кезінде қайтыс болғанын да айтады.

Содан кейін қыздың ата-анасы Кадир есімді адамның көрсетілген мекенжайда тұратынын тексеруге шешім қабылдайды. Шанти сипаттаған барлық деректер адам сенгісіз шындыққа сәйкес келген.

Екінші оқиға

Анапа қаласының алтыншы сынып оқушысы Наташа Бекетова математика сабағында есінен танып қалады. Мектептегі фельдшерлік пунктте есін жиып, кенеттен айналасындағыларға 120 шетелдік және көбіне ескі, ежелгі тілдерде сөйлей бастаған. Ал орыс тілін мүлдем ұмытып, оны кейін қайтадан үйренеді.

Наташа Бекетова

Жағдайды зерттеген мамандар күйзеліске байланысты қыздың өткен өмірі туралы естеліктері оянып, оның қайта туу циклінде 500 жыл өмір сүргенін анықтады. Наташа орта мектепті бітіргеннен кейін университеттің аударма бөліміне оңай түскен.

Үшінші оқиға

Райан Хаммонстың өткен өмірі туралы алғашқы естеліктері 4 жасында басталған. Бала анасына бір кездері өзінің басқа адам болғанын және Голливудта тұрғанын айтады. Тұрған мекенжайды көрсетеді. Ол Рита Хейвард және тағы басқа бірнеше кино жұлдыздарымен кездескенін, актерлерге лақап аттар ойлап тауып бергенін баяндайды. Райанның отбасы баланың бұлай дегеніне байыппен қарап, сол кездегі архивті ақтарып, көптеген адамдардың фотосын табады.

Райан Хаммонс пен Марти Мартин

Дәл осы суреттер арасынан Райан өзін таныған. Бірақ бұл адамның кім екендігі белгісіз болды. Райанның анасы танымал маман дәрігерге жүгініп, зерттеу барысында фотосурет "Түннен кейінгі түн" фильмінің кадры екені анықталды. Фотосуреттегі адам Бродвейдің бишісі Марти Мартин болып шықты. Сөйтсе Мартин көзі тірісінде киножұлдыздарға бүркеншік ат тауып беретін агенттікте де жұмыс істеген екен.

Р.S Сөз соңын белгілі ақын Есенғали Раушановтың бір өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік:

***

– Еркiн дүние-ай, ен далам,
ерен далам,
Мына ғалам шынымен
бөлек ғалам.
Бiр ғұмыр аз мен үшiн, екеуiн бер,
Жоқ, екеу де аз. Мәңгi өмiр
керек маған.

"Дүние - жалған" дейдi жұрт.
О не деген,
Жердi өз басым мәңгiге егеленем.
Сессияға келетiн депутаттай,
Қайта-қайта өмiрге келе берем.

Бұрын да өмiр сүргем мен.
Бұлақ болғам.
Бiр көргеннен керемет ұнап
қалған
Сол қыз қайтып соқпады. Ерегесiп
Қаңғып өлдiм, кеттiм де
жыраққа әрман.

Бұрын да өмiр сүргемiн,
төбе болғам,
Асқар шыңдар тұратын
менен әрман.
Мен ешқашан тау бола
алмасымды
Түсiнген соң ұзамай өле қалғам.

Аң патшасы болғанмын,
сауық ерi,
Бақты менi орманның қауым елi.
(Бауырым, сен "бастығым мисыз"
дейсiң,
Дұрыс. Бұрын себебi ол
тауық едi).

Қартайдым деп, жастықтан
жырақпын деп,
Ой, қайтесiң бiреудi
сыбап күндеп...
Кетiп бара жатсың ба,
оқасы жоқ,
Ертең қайтып келесiң.
Бiрақ кiм боп?

Т. Раушанұлы